×

«Арнайы зертхана жоқ»: СҚО-да полиция синтетикалық есірткіге сараптама жасай алмай отыр

Облыста есірткі тұтынатындар мен тасымалдаушылардың басым бөлігі 17-23 жас аралығындағы жастар

 Самат Жақып 01.11.2022 | 14:22
Фото: jivafree.ru

Солтүстік Қазақстан облысында синтетикалық есірткіге сараптама жасайтын арнайы зертхана жоқ. Бұл мәселені жергілікті полиция қызметкерлері көтерді.

Арнайы зертхана болмағандықтан полицейлер есірткінің бұл түрін өзге өңірлерге апарып сараптамадан өткізуге мәжбүр. Ал оның қорытындысын мамандар екі аптадай уақыт күтеді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында осы мәселе талқыланды. Жиын барысында Петропавл қаласы елімізде мұндай зертханасы жоқ жалғыз қала екені айтылды. Оның үстіне аймақта жергілікті бюджет тарапынан нашақорлықпен күресу үшін қаражат тиісті деңгейде бөлінбей отыр.

«Біздің өңірде нашақорлықтың алдын алуда көптеген кемшілік бар. Былтыр профилактикалық жұмыстарды жүргізу үшін қаржының жеткіліксіз бөлініп жатқаны жайлы мәселе бірнеше рет көтерілген. Тек биыл алғаш рет осы бағытта 3 миллион теңгеден астам ақша қарастырылды. Ол толық игерілді. Бірақ ол да тым аз. Бұл қаржыға облыс аумағында есірткіге қарсы тақырыптағы 6 әлеуметтік баннер ілінді. Түрлі концерттік бағдарлама бойынша автошеру ұйымдастырылды. Бұл іс-шара жеткіліксіз екені айтпаса да түсінікті. Негізінен кең ауқымды іс-шаралар, спорттық-бұқаралық жарыстар өткізілуге тиіс», - дейді СҚО полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Иван Терзиди.

Оның айтуынша, өңірде есірткіге қарсы күреске полиция департаменті ғана емес, басқа да тараптар қолдау көрсетуі қажет.

Тағы бір проблема – өңірде синтетикалық препараттарға сараптама жүргізу мүмкіндігінің жоқтығы. Бұл біздің жұмысымызды қиындатып отыр. Салдарынан синтетикалық есірткіні таратқаны үшін ұсталған адамның көбі жауапкершіліктен құтылып кетеді. Сондықтан «Фурье» масс-спектрометриялық детекторы бар газ хроматографын сатып алу қажет, - дейді ол.

Мамандардың айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысында есірткі тұтыну және оны таратумен жастар айналысады.

«Шамамен осыдан 10-12 жыл бұрын есірткі сатумен көбіне 30-40 жас аралығындағы азаматтар айналысатын. Ал қазір бұл қылмыспен 15-25 жастағылар айналысады»,- деді Иван Терзиди.

Айта кетейік, биыл алты айда есірткі заттарының заңсыз айналымы үшін 112 адам жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 25 адам – 17 мен 23 жас аралығындағылар.

Былтыр осындай кезеңде аталған қылмыс бойынша жеті адам ұсталған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама