×

Филолог-ғалым: «Оқулықтағы тапсырма мәтіндері Алаш әдебиетінің асыл сөздерімен толықтырылса»

Әдебиеттанушы ғалым жаңа оқулықтарды дайындау барысы жайлы айтып берді

 Ербол Тұрымбет 21.10.2022 | 14:36
Фото: Halyq Uni

Әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен қазақ тілі мен әдебиеті оқулығының суреттеріне қатысты әңгіме жалғасын тапты. 

Оған қатысты ғалым филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Ісмақова Оқу ағарту министрлігі өкілдерімен кездесу өткенін, жаңа оқулықтарды дайындауға өзі бастаған ахметтанушы ғалымдар қатысатын болып шешілгенін жеткізді. Ал 2023 жылдан бастап қолданысқа түсетін жаңа оқулықтар қалай дайындалады, не өзгереді? Оны ғалымның өзінен сұрап көрдік. 

– Министрлік өкілдеріне сын-ескертпелеріңізді айта алдыңыз ба? 

– Осы аптада берген қазақ тілі оқулықтарына қатысты сұқбатыма күні кеше ҚР Оқу ағарту министрлігінің жауапты қызметкерлерімен кездесіп, бірәз мән-жайды анықтадық.

Оқулықтар авторы ұйымдасқан топ дегенде, соңғы жылдарғы қазақ тілі мен әдебиет оқулықтарын қарасаңыз, авторлары өзгермейтін тұрақты топты байқайсыз. Алдыңғы сұқбатта осыны меңзеген едім. Бұл неге өзгермейтін тұрақты топ? Неге оқулық авторы ретінде Ахмет Байтұрсынұлының әдіскерлік, тілтанулық теориясын жетік меңгерген тілтанушылар қатыстырылмайды. Профессорлар Анар Салқынбай, Орынай Жұбай, Береке Жұмақай, Қаламқас Қалыбайлар?

Сынға түскен оқулықтарды әкелген мамандар көрсеткендей, оқулықта қазақ тілі ережелері болғанымен, олар бұрынғыдай басты тақырып емес. Әуелі түрлі заманауи мәтіндер ұсынынылған. Кейін ереже берілген. Оны ұсынылған мәтіннен тауып, бекіту мақсаты қойылған. Бұрынғыдай әуелі грамматика содан кейін мәтін дегеннің орны ауысқан. Бұл қазіргі заманауи талаптарға сай делінген. Бірақ ұсынылған мәтіннің мазмұны мағлұматты болуын жетілдіру қажет-ақ!

ҚР Оқу ағарту министрлігі бағдарламаны дайындап, талқылап, баспаға тапсырады екен. Оқулық шығаратын негізгі 4-5 баспа авторларды өздері таңдап, оқулық шығару құқығына ие. Одан гөрі оқулық авторларын да ауыстырып, толықтырып отырса игі еді. Дегенмен, министрлік баспамен бірге ол авторларды жетілдіретін арнайы курстар ұйымдастырып, оқулықтардың талқылауын қадағалап отырады.

– Оқулықтардың мазмұнына қатысты мұғалімдердің жанайқайын естідік, көрдік. Ендігі оқулықтарды дайындауға ғалымдар қатыса ма? Негізгі мәселе осы еді ғой... 

– Маған хабарласқан мұғалімдер тобы мүддесінен қарағанда оқулықтағы мәтінді алға шығарған жүйемен сабақ беруге шынында да арнайы дайындық керек.

Бірақ бұл оқулықтардың бұдан да сапалы болуы үшін қазақ тілі грамматикасы ережелерінің қадағалаушы ретінде, не оқулық авторы ретінде нағыз ахметтанушы ғалымдар қатыстырылса әділдік болар еді. Мұндай мамандар баршылық. Бірақ бұлар оқулыққа қатыстырылмай келеді.

Оқулық авторлары ауысып тұрмаса мына заманда жаңа Байтұрсынұлы шығуы мүмкін емес. Түсінемін, баспаға тұрақты авторлармен жұмыс істеу ыңғайлы. Бірақ Ахмет Байтұрсынұлының өзі «Әліппеден» басталған «Тіл – Құралына» дейінгі оқулықтарды жетілдіріп отырған. «Қазақ» газетіне ауыл мұғалімдерінен келген хаттарын ескеріп, мұғалімдердің оқыту кезіндегі кездескен мәселе кеңестерімен Ұлт ұстазы оқулықты сонау кеңес кезінде толықтырып отырған. Оқулық авторы мен мұғалімнің кері байланысы болған. Не үшін? Ең бастысы қазақ тілі оқулығы сапалы, ұғымды болуы үшін! Оның ішіндегі мәтіндер отаншылдыққа, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін жас ұрпақты білімді, Отанға адал қызмет ететін азаматтар етіп шығаруға сай болуы көзделген.

Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, отаншыл азамат осы бағытта қызмет ететін мектептің жаны – мұғалім мен ұлттық құндылықтар арқылы жалпыадамзаттық дискурстағы мәтіндермен көркемделген сапалы оқулық негізінде ғана қалыптасады. Осы тұрғыдан оқулық авторлары ауысып тұруын меңзеген едім.

Авторларды ауыстыруға ниет болмаса, Алаш әдебиетімен қатар, Ұлт ұстазының – «Әліппе» атасының қазақ тілін оқытатын, жазуға үйрететін, сөйлеу дағдысын меңгертетін дыбыстық жүйе теориясымен қаруланған ахметтанушы ғалымдарды эксперт етіңіздерші. Олар бұл жұмысты тегін істеуге дайын. Осы ретте қазіргі оқулықтардың сапасы арта түсер еді.

Биылдан бастап жаңа оқулықтарды талқылап жатқан жетілдірілген жаңа бағдарламасының ресми талқылануына бізді де қатыстыратын болып келістік. Мен жалғыз өзім емес, жоғарыда аталған жетекші ахметтанушылармен бірге қатысамын деп ұйғардым. Олар Ұлт ұстазының қазақ тілін оқыту, оның грамматикасын сақтау сияқты тіл заңдылықтарын меңгерген білікті топ. Бұл ортақ мақсатқа қызмет етуіміз үшін қажет деп санаймын.

– Қазіргі қолданыстағы әдебиет оқулығынан нендей кемшілік көрдіңіз?

– Кешегі кездесуде осы айтылғандарға қоса қазіргі қолданыстағы қазақ әдебиеті оқулықтарындағы соцреалистік мәтіндердің алынып тасталуын айттым. Ол мәтіндердің авторлары бұларды коммунистік партия талабына сай жазғанын ескеруіміз қажет. Осы ретте аталған оқулықтарда қазір белгісіз ақын қыздардың автор болуын да кемшілік ретінде айттым. 

Сондықтан қазақ әдебиеті мен қазақ тілі оқулығында Абай, Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Ж.Аймауытұлы, Ш.Құдайбердіұлы, М.Жұмабай, Б.Майлин бастаған отаншыл авторлар болуы шарт деген пікір қостым. Менің бүгінгі студенттерім Алаш Әдебиеті сабағымда бұлар бізге неге мектепте оқытылмаған деп өкінеді. Отаншыл Алаш әдебиеті оқулыққа жеткіліксіз, ықылассыз түрде кіргізілген. Мен кеше көрген бір оқулықта бұл Алаш әдебиетінен тек Ж.Аймауытұлының «Әнші» әңгімесі ғана жалғызсырап тұр. Отаншыл, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін мәтіндер Алаш әдебиетінде қазіргі заманға сай тұрғаны анық.

Қазіргі қазақ әдебиетінде олармен қатар белгісіз авторлардың болуы әрине әдепсіздік қана емес, Алаш арыстарын аттап өту, олардың отаным, елім деген асыл сөздерін тәуелсіздік кездің ұрпағына жеткізбеу деп санаймын.

Жиынымызға қатысқан профессор Юлай Шамиоғлы сауалына да нақты жауап болды. Қазақ тілі сабағы жоғары сыныпта 2 сағат қана оқытылады екен. Бізге келген қазақ мектебін бітірген студенттердің деңгейін анықтау үшін бұл сауал аса маңызды. Аптадағы 2, тіпті 3 сағаттық қазақ тілі  сабағы, әрине, тым аз. Бұл да ескерілсе екен. Ана тілі сабағы қазақ мектебінде басты болуы керек қой?

Ең бастысы, қазақ әдебиеті мен қазақ тілі оқулықтары тек ғалымдар емес, жалпы елдің назарында екені ескерілетін болды. Ортақ мақсатқа бірге қызмет етуді түсініп кездесуді ұыйымдастырған оқу-ағарту министрлігі мамандырымен мазмұнды, мағлұматты әнгіме болды деп санаймын.

– Жаңа оқулықтарда тағы не қамтылу керек? Алаш әдебиеті мен Ахмет Байтұрсынұлының еңбектері қалай енгізілу керек?

– Біз ресми қатысып талқылайтын жаңа жетілдірілген бағдарламада Ахмет Байтұрсынұлының дыбыстық оқыту заңдылығын сақтайтын грамматикасы ескерілуі қажет деп санаймыз. Бұл үшін арнайы қаржы да қажет болмас. Ахметтанушылардың сараптамалық пікірі ғана қажет болуы мүмкін.

Қаншама жыл күресіп қайтарылған «Әліппенің» электронды нұсқасымен таныстым. Бұл Әліппе шынында да «ар» сөзімен басталып тұр.

Ендігі мақсат Ұлт ұстазының қазақ тілін оқыту, жазу, ұйғару, сөйлеу теориясын оқулықта ұстану қажеттіліктерін күн тәртібінде қою ғана. Бұларды еңгізу қиын емес. Бұл ретте ахметтанушылар жаңа бағдарламаның талқылануына, жаңа оқулықтардың жазылуына қатыстырылуы қажет.

Ұлт ұстазының 150 жылдығы ЮНЕСКО төңірегінде өтіп жатқан күндері қазақ тілі мен қазақ әдебиеті оқулықтарын Ұлт ұстазы ұстанымдары тұрғысынан қарап шыққанымыз оңды болды. Бұл ұстанымдар қазақ тілі ғана емес, жалпы түрік тілдерінің қазіргі жаһандану заманында өздерін сақтап қалуына қажетті қорғаны екенін есте сақтауымыз қажет.

Жаңа бағдарлама талқылану үстінде болғандықтан, оны жетілдіру үшін бұған ахметтанушылар арнайы қатысатын болғаны, мемлекеттік мақсат – қазақ тілі мен қазақ әдебиеті оқулылығы заманға сай отаншылдық рухта сапалы болуына ықпалымыз болады деп сенгім келеді.

Біздің мақсат Ұлт ұстазының қазақ тілі мен қазақ әдебиетін оқытудың басты ғылыми тұжырымдарының қазіргі оқулықта ұстануын қадағалау. Бұл мақсат бәрімізге ортақ.

Ахаң айтқандай, «Ел бүгіншіл, менікі – ертең үшін».

Серіктес жаңалықтары

Сараптама