×

Қазақстанда шетелдіктер қызығатындай жалақы жоқ – экономист

Елімізде 29 мың ресейлік жұмыс істесе, соның 8 мыңы – жыл басынан бері қатарға қосылғандар

 Еркеғали Болатұлы 14.10.2022 | 14:06

Қазақстанда шетелдіктерді соншалықты қызықтыратындай жалақы жоқ. «Сұрауы бар» Youtube арнасындағы подкастқа қатысқан спикердің бірі, экономист Мадияр Кенжеболат осындай пікір білдірді. Сондықтан отандастарымызға бәсекелес болып кетеді деп ресейліктерден үркудің қажеті шамалы дейді ол.

Шетелдіктер қызығатындай Қазақстанда еңбекақы жоқ. Жақында Мәскеуде болдым. Олардың мектептеріндегі мұғалімдердің жалақысының орташасы – 150 мың рубль. Енді соны теңгеге салып, 8-ге көбейтіңіз, 1 млн теңгеден асады. Біздің министрлерден де көп алады. Нарықтық экономикамен есептейтін болсақ, Америкаға барып, мен сонда бәсекелестікке түссем, бір америкалық неге қазаққа беріп жатсың деп наразылыққа шықпайды, - дейді экономист.

Қазір ресми мәліметке қарағанда, Ресейден Қазақстанға 350 мыңға жуық адам өткен. Соның тең жартысы транзиттік жолмен үшінші мемлекеттерге кеткен. Ал қалғандары көбіне қызмет көрсету саласында уақытша жұмысқа орналасып жатыр. Жалпы, елімізде 29 мың ресейлік жұмыс істесе, соның 8 мыңы – жыл басынан бері қатарға қосылғандар.

Көбі қызмет көрсету саласында жұмыс істеп жатыр. Осы елге келіп-кетіп жұмыс істеп үйреніп қалғандар – көлік логистикасында. ІТ мамандар біздің елде тұрып, басқа жақта жүріп жұмыс істесе де олардың келіп-кеткені білінбейді. Себебі қай жерде отырса да жұмысын істей береді. Ауыл шаруашылығына 2 мыңдай адам келіпті. Жоғары санаттағы білікті азаматтар аз келді, - дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ілияс Испанов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама