×

Мен бұл сайлауға қатыспаймын – Әміржан Қосанов

Ол саяси доданың өзі күлкілі сипат алып бара жатқанын айтты

 Дастан Жұмабекұлы 10.10.2022 | 16:47
фото: facebook.com

2019 президенттік сайлауға түскен саясаткер, журналист Әміржан Қосанов биылғы кезектен тыс президенттік сайлауға қатыспайтынын айтты.

Ол сайлауға қатыспайтынын, өйткені саяси доданың өзі күлкілі сипат алып бара жатқанын атап өтті.

«Сайлаудың өзі күлкілі сипат алып бара жатыр. Ел ызалы, әбден ашынған, таусылған. Осының бәрі бір күнде бұрқ ете қалуы мүмкін.

Сайлау нәтижесі жарияланар күні саяси тартыстың апогейіне айналып, ел ішіне іріткі салар әртүрлі ұрандар көтеріліп, толқулар болуы ықтимал. Оның үстіне, антитоқаевшыл күштер ел ішіндегі наразылықты өз мүддесінде пайдаланып, антиқазақтық, антимемлекеттік сипат алып, бір күннің ішінде шаңырағымызды төңкеріп тастауы мүмкін!

Жағдайдың бір ерекшелігі сол: оппозициялық позиция ұстанған кез келген кандидат ел қолдауына ие болары сөзсіз. Ал билік сайлау нәтижесін бұрмаласа, қарсылық одан бетер өршіп кетері анық.

Өкімет болса, билікті өз қолымен бере қоймас.

Сол кезде Қанды қаңтар қайталануы әбден мүмкін! Елімнің, халқымның амандығы – мен үшін басты мұрат! Сондықтан мен сондай қауіпті, елдің іргесін шайқалтар дүмпудің бір себебі болғым келмейді», –  деді Қосанов.

Оның айтуынша, осының бәрін ол осыдан 3 жыл бұрын, сайлау қорытындыларын мойындау кезінде айтқан.

«Ол кезде көп адам мен айтқан қауіптерге сене қоймады. Бірақ 2022 жылғы Қанды қаңтар менің алаңдаушылығымды растап шықты. Сол кезде мен елде дүрбелең бола қалса, ішкі және сыртқы қауіптер өршіп, мемлекеттігімізден айрылып қалуымыз мүмкін дегенді айтып едім. Осы жолы да сондай қауіп бар. Халықтың әбден шаршағаны рас. Күн көру қиындап барады. Тоқаев жақсы бастамалар көтергенімен, тапсырмалары орындалып жатқан жоқ», –  деді ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама