×

«Қорлықтан өлген жақсы». Шығыстанушы Ирандағы көтерілістің негізгі себебін атады

Қазір Иранның 86 қаласында шеру жалғасып жатыр

 Ая Өміртай 08.10.2022 | 09:16
коллаж: Halyq Uni

«Әйел, өмір, бостандық!». Ирандағы әйелдер мен қыздар дәл осылай ұрандатып, екі аптадан бері жаппай наразылық шеруіне шығып жүр.

Көтеріліске Махса Амини есімді 22 жастағы қыздың полиция қолынан қаза табуы себеп болған. Әдеп полициясы оны хиджабты дұрыс кимегені үшін қамауға алған. Сараптама нәтижесінен белгілі болғандай, қыз басына тиген ауыр соққыдан қайтыс болған.

Полиция шеруді көзден жас ағызатын газ және оқпен таратып, кем дегенде 30 адамды тұтқындаған. Бейресми мәлімет бойынша, қаза тапқан адамдар саны мыңға жуықтайды. Осы орайда Halyq Uni тілшісі ирантанушы Жәнібек Көпжасармен сұқбаттасып, оқиғаның мән-жайын сұрап көрді.

– Иранда болып жатқан наразылық шерулері неден өршіп кетті?

– Қыркүйек айының басында 22 жастағы құқыққорғаушы әйел Махса Аминиді Әдеп полициясы хиджабты дұрыс кимеді деп ұстап алып кеткен. Бірнеше күннен соң ол қыз қайтыс болған. Негізгі айыптау – полицейлер ұрып-соққан. Сот-медициналық сараптама нәтижесінде оның басынан қатты соққы алғандығы анықталған.

– Иран президенті істің назарға алынатындығын айтты...

– Иә, президент жақында ғана мәлімдеме жасады. Бір апта бұрын іс насырға шауып бара жатқанда, «істі қайта қараймыз, кінәлілер болса, жазаға тратылады» деді. Мұны халық наразылығын басу үшін айтып отыр.

– Осы жағдайдан соң оқушы қыздар да шеруге шығып жатыр ғой?

– 4 қазаннан бастап екі күннен бері метеп жасындағы қыздар көшеге шығып жатыр. Олар наразылық үшін хиджабтарын жыртып, орамалдарын өртеп, режімге қарсы, аятолла жүйесіне қарсы ұрандар тастап жатыр.

– Олардың негізгі талаптары қандай?

– Аятолланың биліктен кетуін, режімнің ауысуын сұрап отыр. Али Хаменеидің билікте отырғанына 43 жыл болды. Ислам революциясы орнағанға дейін Иранда дін мен мемлекет бөлек болған. Ислам республикасы орнаған соң хиджабты міндетті етті. 1979 жылдан бері қарай хиджаб әйелдерге міндетті. Әйелдердің құқығын шектейтін тыйым көп. Мәселен, спорттық ойындарға баруға болмайды. Хиджаб мәселесі әлі күнге дейін шешілмей отыр. Көтерілістің шиеленісуіне қыз баланың полиция қолынан қаза табуы себеп болды. Дегенмен бұл ғана емес, Иранда соңғы оншақты жыл санкция күшейіп кеткендіктен, салдарынан елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы құлдырап кетті. Қазір Иранда девальвация өте жоғары, инфляция 200-300%-ға жетті. Негізі Ирандағы көтерілістер соңғы үш жыл бойы басылмай келеді. Былтыр басталған мұғалімдер көтерілісі де Үкімет тарапынан күшпен жаншылып, таратылған болатын.

– Әйелдердің өз талаптарын орындатуы қаншалықты мүмкін, әлде Иран билігі күш қолдануын жалғастыра бере ме?

– 40 жылдан бері келе жатқан билік қатаң жаза қолдануын жалғастыра береді. Ресми мәлімет бойынша, 22 күннен бері болып жатқан көтеріліс кезінде 138 адам қайтыс болған. Өйткені полиция халыққа оқ атты. Бейресми мәліметке сүйенсек, қаза тапқандардың саны мыңдаған адамнан асып кетеді.

– Интернет пен әлеуметтік желілерді өшіріп тастағандығы да айтылады...

– Соңғы 20 күнде интернет жиі өшірілді. Тек соңғы 3 күнде ғана бірнеше сағатқа қосылды. Оның алдында бір апта бойы мүлде байланыс болмады. Әлеуметтік желілерге мүлде тыйым салынды. Махса Амини өлтірілген соң көтеріліс Күрдістан провинциясында басталған. Осыдан соң ірі қалаларда жалғасып, бір апта ішінде наразы халық Иранның 86 қаласында шеруге шықты. Кеше тағы бір оқушы қыз полиция қолынан қаза тапты. Бүгін көтерілісшілер саны тағы артып кетті.

– Бұл орайда Еуропарламент депутаты Абир аль-Сахлани антиүкіметтік демонстрацияға қарсы шашын кесіп тастады. Өзгелер қандай әрекет жасауы қажет деп ойлайсыз?

– Қыз бала қайтыс болған соң шаш кесу флешмобы әлеуметтік желілер арқылы кең қолдау тапты. Көтеріліс басталған соң Еуропада көптеген адам құқықтарын қорғау ұйымдары мен бірқатар лауазымды қызметтегі тұлғалар пікірін ашық білдіріп, қолдау көрсетіп жатыр. 5 қазан күні Иранның рухани лидері бұл көтерілістердің артында АҚШ пен Израиль тұр деп айыптады. Айтуынша, осы екі елдің агенттері халықты әдейі дүрліктіріп отыр.

– Бұл мәселеге қатысты мұсылман қауымдастықтарының арасында араша түскендер бар ма?

– Жоқ. Мұсылман елдерінің өздерінде де хиджаб мәселесі бар. Осы мәселеге қолдау көрсететін болса, өз халқының тарапынан да қарсылыққа ұшырауы мүмкін. Махса Аминидің өлімі – көтерілістердің бір ғана себебі. Негізгі мәселе – әлеуметтік жағдайдың құлдырап кетуі. Әйткенмен көтерілістер нақты бір нәтиже әкелмейді, өйткені қандай да бір көшбасшы лидерлер жоқ. Әр қалада наразы халық тобы бейбіт сипатта шығып отыр. Олардың тарапынан билікті ауыстыруға қатысты нақты әрекеттер жоқ. Жақын күндері көтеріліс басылғанмен, наразылықтар ауық-ауық жалғаса бермек. Ал жуық арада Иран билігінің ауысуы мүмкін емес. Оппозиция мен көшбасшылар жоқ. Ал сырттағы оппозициялық топтардың басы ешуақытта біріккен емес.

– Сұқбатыңызға рахмет!

Сұқбаттасқан Ая ӨМІРТАЙ

Серіктес жаңалықтары

Сараптама