×

Петропавлда кәсіпкерлер әкімдікке қарасты мекемеден 970 млн теңгесін ала алмай жүр

Кәсіпорын директорының қайда екені белгісіз

 Самат Жақып 23.09.2022 | 16:05
Коллаж: Халық үні

Петропавлдық кәсіпкерлер бірнеше жылдан бері қарызын қайтара алмай жүр. Қалалық әкімдіктің жанынан құрылған «Коммунхоз» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны 2020-2021 жылдары аралығында шаһарды абаттандыру, қыста көшедегі қарды тазалау және жинап-сыпыру секілді жұмыстарды атқарған кәсіпкерлермен толық есеп айырыспаған.

Бұл мәселе көтерілгелі екі жылға жуық уақыт өтті. Алайда қазірге дейін шешілмеген. Ақшасын уақытында алмай, банкротқа ұшыраудың алдында тұрған кәсіперлер әкімдікке жиналып, жақында тағайындалған қала әкімі Руслан Аңбаевпен кездеспек болды. Алайда шаһар басшысы жұмыс орнында болмады.

«БІЗДІ ЛАҚТЫРЫП КЕТТІ»

Бірнеше жыл қаланың қыстағы тазалығына жауапты болған кәсіпкерлердің талабын қала әкімінің орынбасары тыңдады.

Кәсіпкерлердің айтуынша, бірнеше жыл бұрын қалалық әкімдіктің қарамағындағы «Коммунхоз» компаниясы 30-ға жуық бизнесменмен келісмшарт жасасқан. Алайда мемлекеттік кәсіпорын келіскен соманы әлі толық көлемде төлемей отыр.

«Атқарған барлық жұмысты әкімдік қағазға қол қойып, мөрін басып қабылдап отырды. Қыстыгүні біздің ісімізді бақылады. Айтқандарын бұлжытпай орындап, есеп тапсырып отырдық. Осылай жүргенде бізді лақытырып кетті. Бұл проблеманың көтерілгеніне екі жылдай уақыт болды. Бірақ сол күйі ақша жоқ. Маған 18 миллион теңге қарыз. Баспаған тау, бармаған жеріміз қалмады. Техниканы несиеге алдым. Енді оны төлей алмай отырмын. Ол мүлікке тыйым салынды. Салық та бар. Жұмысшылар жұмыссыз қалды», - дейді кәсіпркер Бағлан Ысқақов.

«СОТҚА ЖҮГІНІП, ЖЕҢІП ШЫҚТЫҚ»

Кәсіпкерлер сотқа да жүгінген. Судья олардың арызын қанағаттандырып, мемлекеттік мекеме 970 миллион теңгені өндіріп беруі керек деген шешім шығарған.

«Менің компаниям бір жыл бойы қаладағы көшеттерді күтіп-баптады. Жұмысты әкімдік пен «Коммунхоз» мекемесі қабылдады. Келісімшарт бойынша тапсырыс беруші маған 65 миллион теңге төлеуі керек. Алайда ақы қолға толық тимеді. Бұл ағаштарды қазып алып, сата алмаймыз», - дейді кәсіпкер Тамара Гаисина.

«КОММУНХОЗ» ДИРЕКТОРЫН ТАППАЙ ЖҮР

Әкімдікте өткен кездесуде «Коммунхоз» коммуналдық мекемесінің директоры төбе көрсетпеді. Қала әкімінің орынбасары Асқар Хабибулиннің айтуынша, кәсіпорын директорымен байланыс үзілгеніне біраз уақыт болған.

Жиынға тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің (ТҮКШ) басшысы да қатыспады. Ол өз еркімен жұмыстан кеткен.

«Қалалық әкімдіктің «Коммунхоздың» алдында ешқандай қарызы жоқ. Кейінгі жылдары коммуналдық мекеме толықтай қаржыландырылды. Ал енді ол ақша неге тиісті жерге жетпей қалғаны түсініксіз. Қазір жергілікті бюджетте ақша бар. Берешекті қайтару үшін заң бойынша «Коммунхоз» мекемесі қалалық ТҮКШ бөлімін сотқа беруі керек. Мәселенің ақ-қарасын солар анықтайды. Әйтпесе біз жайдан-жай 1 милилард теңгені оларға аудара алмаймыз», - деді Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин.

Ол сондай-ақ бұл мекеменің барлық есепшоты бұғаттаулы тұрғанын жеткізді.

«Бұл мәселені шешпей сотқа жүгіне алмайды. Осындай қиындықтар бар», - дейді қала әкімінің орынбасары.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама