×

Смайыловтың сапары: БАӘ-де 900 млн доллардың құжаттарына қол қойылды

Инвесторларға 40 инвестициялық жоба ұсынылды

 Дәурен Ерболат 20.09.2022 | 16:35
Фото: primeminister.kz

Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапармен барған Премьер-министр Әлихан Смайылов осы елдің іскер топ өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

Инвесторларға тау-кен металлургия кешені, ауыл шаруашылығы, мұнай-газ саласы, құрылыс және тағы басқа салалардағы жалпы сомасы 6,5 млрд доллардан асатын 40 жаңа инвестициялық жобаның тізімі ұсынылды.

Әлихан Смайылов Mubadala тобының бас атқарушы директоры Мусаббих әл-Каабимен кездесті. Mubadala – бағалау активі 285 млрд доллар болатын мемлекеттік инвестициялық-девелоперлік компания.

Энергетика, химия өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, тау-кен металлургия кешені салаларында әлеуетіміз зор. Бұл тұрғыда әлемдегі қазіргі жағдайды ескере отырып, арнайы әзірленген жаңа жобаларды іске асыруға қатысуды ұсынамын, - деді Үкімет басшысы.

Сондай-ақ премьер-министр ауыл шаруашылығы, энергетика және банк секторында бірлескен жобаларды іске қосу керегін атап өтті.

«Қазақстан Үкіметі инвестициялық ахуалды әрі қарай жақсартады. Әлемдегі дағдарыстық құбылыстарға қарамастан, осы жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша елімізге тартылған тікелей шетелдік инвестициялар ағыны 54%-ға өсіп, 6,8 млрд доллар болды», - деді Әлихан Смайылов.

Мусаббих әл-Кааби Mubadala компаниясы Қазақстанда инвестициялық жобаларды іске қосу мүмкіндіктерін жан-жақты қарастырып жатқанын айтты. Ол жасыл энергетика, қаржы, тау-кен металлургиясы, мұнай және газ салаларында ынтымақтастыққа қызығушылық танытты.

Сонымен қатар Үкімет басшысы ADQ компаниясының басқарушы және бас атқарушы директоры Мұхаммед әл-Сувейдимен келіссөз жүргізді. ADQ – 90-нан астам компанияға тікелей және жанама инвестиция құйған өңірдегі ірі холдинг компаниялардың бірі.

Бұл холдингтің қызмет саласы өте ауқымды, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, логистика, денсаулық сақтау және тағы басқа салаларды қамтиды. Олардың барлығы біз үшін басым бағыттар, - деді Әлихан Смайылов.

Мұхаммед әл-Сувейди ұсынылған мүмкіндіктер үшін қазақстандық делегацияға алғыс айтып, фармацевтика саласына, азық-түлік тауарларын өндіруге, логистикалық бағыттарды дамытуға және жаңартылатын энергетикаға ерекше қызығушылық танытатынын жеткізді.

Сонымен қатар премьер-министр Ayana Holding компаниясының төрағасы Абдулла бен Лахеджбен кездесті. Онда құрылыс саласындағы жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.

Екіжақты кездесулердің қорытындысы бойынша премьер-министрдің қатысуымен экономиканың түрлі секторында жалпы сомасы 900 млн доллар болатын бірқатар екіжақты коммерциялық құжаттарға қол қойылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама