×

Қаңтар оқиғасы ел экономикасына қалай әсер етеді - ҰЭМ жауабы

Қазір Халықтың табысын арттыру бағдарламасы әзірленіп жатыр екен

 Қымбат Елтайқызы 14.02.2022 | 14:10
коллаж: Halyq Uni

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметенше, Қаңтар оқиғасы Қазақстан экономикасына айтарлықтай әсер етпейді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Бүгін Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің шет мемлекеттердің Қазақстандағы елшілерімен кездесуі барысында Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов Қазақстандағы қаңтардағы қайғылы оқиға аясындағы экономикалық жағдай мен еліміздегі соңғы экономикалық бастамалар туралы баяндады.

Былтыр экономикалық өсу серпінді траекторияға шықты. Бастапқы 3,1% болжамнан асып түскен нақты ІЖӨ 4%, - деді Жақсылықов.

Қазір Ұлттық экономика министрлігі Президент бастамаларын іске асыру жөніндегі үкіметтің 2022 жылға арналған іс-қимыл бағдарламасын әзірлеу бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Құжатта үкіметтің инклюзивтік экономикалық өсуді ынталандыру, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, кәсіпкерлікті дамыту жұмысы нақтыланған.

Сонымен қатар, бірінші вице-министрдің айтуынша, ҚР ҰЭМ Халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеп жатыр. Осы ретте кедейшілік пен жұмыссыздық бойынша нақты жағдайды талдау негізінде жүйелі шаралар жоспарланған.

Бұдан басқа, Президент тапсырмасына сәйкес, Министрлік квазимемлекеттік сала субъектілерін түбегейлі реформалау ұсыныстарын әзірлеп жатыр.

Жақсылықов атап өткендей, Ұлттық экономика министрлігі еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандырудың жедел іс-шаралар жоспарын қабылдаған. Ол азаматтар мен кәсіпкерлердің қауіпсіздігін, оларды жан-жақты қолдауды, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық жағдайды тезірек орнықтыруды көздейтін бірқатар шұғыл және қысқамерзімдік шарадан тұрады.

Бұл жоспар мемлекеттік органдардың таяу айлардағы тиісті тапсырмаларды орындауын үйлестірмек. Оны іске асыру арқылы елдегі экономикалық жағдайды жедел қалыпқа келтіріп, қалыпты жағдайға ораламыз, - деді бірінші вице-министр.

«Қаңтардағы қайғылы оқиғалар жылдық экономикалық өсуге айтарлықтай әсер етпейді. Өйткені экономикалық белсенділік уақытша және тек жекелеген өңірде ғана бұзылды. Зардап шеккендерге, оның ішінде ШОБ, жеке кәсіпкерлік және халыққа қажетті көмек көрсетіліп жатыр», - деді Тимур Жақсылықов.

2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты. Осы жағдайға байланысты барлық аймақта төтенше жағдай режимі енгізіліп, Президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекет басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Тоқаев «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан бейбіт тұрғындар, күш құрылымдары қызметкерлері қаза тауып, жарақаттанды. Ғимараттар мен көліктер қиратылып, бизнес зардап шекті. Қазір бірқатар шенеунік ұсталып, билікте ауыс-түйіс жүріп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама