×

«Қазақстанның байлығын ресейліктерге бермек». Обухов комбинатының жұмысшылары әділдік іздеп елордаға келді

Билік комбинат басшылығын 5 жылдан бері қудалап жүр

 Айнұр Шошаева 10.09.2022 | 12:34
Фото: Halqy Uni

Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданындағы Обухов тау-кен байыту комбинатында жұмыс істейтін 250 адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Елордаға келіп, баспасөз мәслихатын өткізген жұмысшылардың айтуынша, облыс әкімдігі мен прокуратурасы бес жылдан бері комбинатты тартып алу үшін кедергілер туындатып келеді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

«Тиолайн» ЖШС атқарушы директоры Виктор Долголев кәсіпорынның 250 жұмысшысы бір мезгілде жұмыссыз қалу қаупі туындап  тұрғанын айтады. 

2019 жылы жер қойнауын пайдалануға қатысушылардың қатысуымен кезектен тыс жиын өтіп, Обухов тау-кен байыту комбинатын «Башкир сода компаниясына» сату туралы туралы шешім қабылданады.

Қатысушылардың ішінен Виктор Долголев бұл сатылымға қарсы шығып, қол қоюдан бас тартқан. 

Біз Қазақстандағы пара бермейін және біреудің ықпалына сүйенбей, өз бетімен жұмыс істеп жатқан жалғыз кәсіпорынбыз. Бізден келісімшартты тартып алуға тырысты. Проблеманың бәрі содан басталды, дейді директор.

«Келісімшартты алуға бізде негіз болды, себебі 10 жыл бойы жұмыс істеген ресейлік компания барлығы руданың 2,5 пайызын ғана қазды. Оларға ешкім тиіспеді. Біздің де жұмысты мардымсыз істеген кезіміз, жұмыскерлерге 45 мың теңгеден төлеген кезіміз болды. 2019 жылдан бастап руда шығара бастап, қаржылық жағдай түзелді. Қазір титан-цирконий рудасын өндіру және өңдеуден әлемде үшінші орындамыз», - деді ол. 

Сонымен бірге кең орнын игерген ресейлік компания жылдар бойы кәсіпорынның салығын төлемеген. Алайда Индустирия және инфрақұрылымдық даму министрлігі салық қарызы үшін қазір жұмыс істеп тұрған кәсіпорынға берген келісімшартты қайтарып алатынын мәлімдеді. 

«Бізге дейін 10 жыл бойы бағдарлама орындалмаған, әрі жылдар бойы салығы төленбей келді. Индустирия және инфрақұрылымдық даму министрлігі облыс әкімі Құмар Ақсақалов пен облыс прокуроры Бағбан Тайымбетовтың хатының негізінде салық және басқа да әлеуметтік төлемдердің төленбегені үшін келісімшартты қайтару туралы хат жазды. Бұл бізге дейін 7-8 жыл бұрын болған қарыздар», дейді спикер.

Ресейлік компания 2010-2017 жылдар аралығында небәрі 32 млн теңге салық төлеген, ол кезде ағылшын, қытай мен ресейліктер жұмыс істеді. Біздің екі жылда төлеген салығымыз 1 млрд теңгеден асты. Бізде тек қазақстандық жұмысшылар істейді», - деп қосты атқарушы директор. 

Оның айтуынша, компания бұл хатпен келіспей сотқа берген, алайда күткен шешім шықпады. Сот аталған келісімшартты бұзу туралы шешім шығарды.

«Бізге дейінгі жіберілген қателіктер мен қарыздар үшін айыптап, жер қойнауын пайдалану келісімін бұзу туралы шешім шықты. Айта кетейік, біз өзімізге дейінгі пайдаланушылар қалдырған қарыздарды толық жауып тастаған едік. Ол бойынша қылмыстық іс қозғалды, бірақ 6 жылдан бері тоқтап тұр. Министрлік келісімшартты қайтарып алды, бірақ ол құжаттың екі жағы бар. Бір жағы келіспесе, сотқа жүгінеді. Біз де сотқа жүгіндік, ол арыз бойынша әлі сот жүріп жатқандықтан, келісімшарт күшін жойған жоқ деп есептейміз. Есесіне әкімдік пен прокуратура менің үстімнен екі қылмыстық іс қозғады (барлығы 8 қылмыстық іс). Мұны заңға қайшы деп санаймын», - дейді Долголев. 

Бұған қоса, спикер жыл сайын СҚО-дан 11 мың адам кетіп қалғанын айтады. Қазақстандықтардың көбі Ресей мен Польшаны мекен еткен. Мәселен,  Омбының түбіндегі бір ауылда 32 мың қазақ бар, жартысы Солтүстік Қазақстанның тумасы. Өңірде жұмыссыздық көбейіп жатқанда, жұмыс істеп тұрған кәсіпорынды жабу қисынсыз деп есептейді. 

Сондай-ақ оның пікірінше, комбинаттың толыққанды жұмыс істеуіне жер тапшылығы кедергі келтіріп отыр. Облыстық әкімдікке жер учаскісін алуға өтініш берген, алайда жер қойнауын пайдалануға жасалған келісімшарт күшін жойғандықтан учаскі берілмеген. Тау-кен орнының жанында бір кездері «Маслодел» фирмасына тиесілі болған  1 мыңға жуық га жер бар.  

Алайда ол жер ауыл шаруашылығы мақсатында Александр Кобзевке берілді. Түсіндіріп айтатын болсам, тау-кенге берілген жер бірден игерілмейді. Оны игеру үшін 20-30 жыл керек. Сондықтан, жер қажетіне қарай бөлініп алынады. Бос кезінде ол жер егін және мал шаруашылығы мақсатында пайдаланылады. Облыс пен Тайынша әкімдігі үшін біздің жұмысымызды тоқтатуға деген құлшынысы барлық ақылға қонымды құқықтық логикадан асып түседі. Себебі олар біздің учаскемізде сатуға шығарып, оны басқа адам сатып алды. Кобзевтің 3 мың га астам жері бар, сөйте тұра 923 га жер алды. Бізге биыл бар болғаны 9 га ғана керек, деп толықтырды директор.

Оның сөзінше, кәсіпкер алған жерді әлі күнге дейін игермеген, бір гектарына да егін екпеді. Мұны комбинат өкілдері әкімдіктің жер қойнауын пайдалануға жол бермеу үшін әдейі жасап отыр деп есептейді.  

«Өңір басшылығы 5 жылдан бері біздің кәсіпорынды қудалап келеді. Демек көздеген мақсаты бар. 2020 жылы 2 маусымда 40 шақты жігіт келіп, комбинатты күшпен тартып алуға тырысты. Қарсылық көрсеткендердің барлығын ұрып-соғып, тіпті кейбірін пышақтады. СОБР келіп, қолға түскен 8 қарақшыны алып кетті. Алайда олардың біреуі де жазасын алған жоқ, сот оларды босатып жіберді. Олардың комбинатты күшпен тартып алу кезіндегі видеолары бар. Ол болмағанда өзімізді ұстап әкететін еді. Ұйымдастырушылары жауапқа тартылмады. Мұның бәрі қатысушылардың комбинатты «Башкир сода компаниясына» сату туралы шешім қабылдағаннан кейін екінші күні болды», - деді баспасөз мәслихатында сөйлеген «Обухов тау-кен байыту комбинаты» ЖШС директоры Данил Долголев. 

Оның пікірінше, өңір басшылығы мен құзырлы органдар шетелдік инвестордың мүддесін көздеп отыр.  

«Бір жыл бұрын келісімшартты сақтап қалу үшін еңбек ұжымдары Петропавлға барып, Құмар Ақсақаловты өзімізбен кездесуге мәжбүрлеп, жұмыс орындарын сақтап қалуын өтіндік. Сол кезде әкімдіктің бұған ешқандай қатысы жоғын, сондай-ақ пайдалы қазбалар министрліктің құзыретіне жататын айтты. Тіпті, «тау-кен байыту комбинаты барын білмедім» деді. Енді тура бір жылдан соң әкімнің аппараты қатты пайдалы қазбаларды заңсыз өндіруде зардап шегуші болып отыр. Мұның бәрі отандық өндірушілердің беделін түсіріп, сол жерді қалай да болса шетелдік инвесторларға алып беру үшін жасалып жатыр. Қазақстанның байлығын шетелдікке бермек», - деп қосты Данил Долголев. 

Баспасөз жиынына СҚО-дан келген тағы бір жұмысшы, кәсіпорындағы вахта бастығы Самат Мейрамов қарамағындағы жұмысшыларының сөзін жеткізді.  

«Менің қарамағымда 70-ке жуық адам жұмыс істеп жатыр. Олардың бәрі жұмыссыз қаламыз ба деп қорқып отыр. Солтүстік Қазақстанның қысын білесіздер. Жұмыс табу оңай емес. Жұмысшыларымыз 250-450 мың теңге аралығында айлық алып отыр. Оның 80 пайызы өңірдің тумалары. Күн сайын жұмысқа келгенде «не боламыз» деген сұрақпен бастайды. Бұлар шетелдіктер емес, өзіміздің елдің азаматтары. Қазақтарға жұмыс беріп, отбасыларын асырауға мүмкіндік жасап отыр. Осы комбинаттың арқасында көптеген жас білім алып, әлеуметтік жағдай жасалып жатыр. Жаңа Қазақстан, екінші республика, дамимыз деп айтып жатыр. Мына түрімізбен оны қалай құрамыз?» - деді вахта жетекшісі. 

Қазір «Обухов тау-кен байыту комбинатының ұжымы Ақорда мен Үкіметтен көмек сұрап отыр. 

«Жұмыс істеп, жұмысшыларына жалақыны уақытылы төлеп, мемлекетке салық төлеп отырған кәсіпорын жұмыс істеуге хақылы. Билік біздің проблемамызға назар аударып, бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатқан бассыздықты тоқтатса екен деген үмітпен елордаға келдік. Қазір Президент Тоқаевқа қайта сайлану керек. Бұл проблеманы көтеріп, осы бассыздықтарды тоқтатқымыз келеді. Әкім, прокуратура, полиция, сот пен әділет органдары бізге қарсы. Билік біздің мұңымызды естісін деп келдік. Құжат пен дәлел жеткілікті», - деп қорытындылады «Тиолайн» ЖШС атқарушы директоры Виктор Долголев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама