×

Жұманғарин сәбіз, картоп, сүт бағасын қалай реттейтінін түсіндірді

Шаруаларға тыңайтқыш сатып алуға 4 млрд теңге беріледі

 Дәурен Ерболат 06.09.2022 | 13:25
Фото: inbusiness.kz

Премьер-министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин елімізде сәбіз, картоп, сүт, қарақұмық, күнбағыс майы қымбаттамас үшін не істейтінін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Ол былтыр сәбіз бен картоп бағасына қатысты көп әңгіме болғанын еске салды.

Жамбыл, Алматы, Қарағанды, Павлодар облыстарының сәбіз бен картоп өндірушілерін жинадық. Олар гербицид, пестицид, тыңайтқыштарға 4 млрд теңге ақша беріңіздер деді. Олар бізге сәбізбен картоптың бағасын тұрақтандырып береді. Күнбағыс майын өндірушілер бізге экспортты жауып беріңіздер дейді. Сонда шикізат елімізде қалады, ал қарақұмық өндірушілер шикі қарақұмық сатып алуға 1 млрд теңге сұрап отыр. Бағаны сол арқылы тұрақтандырамыз, - деді Серік Жұманғарин Үкімет отырысынан соң.

Министрдің айтуынша, сүт нарығында осыған ұқсас схема жұмыс істейді. Нәтижесінде сүт өндірушілер жазда шикізатқа қиналмайды, ал қыста құрғақ сүтті сатып алады.

«Олар бізден құрғақ сүттің шикізатын сатып алуға 1 млрд 130 млн теңге сұрады, яғни қазір біз бүкіл қаражатты бір жерге шоғырландырамыз. Осыған дейін әр өңірдің әкімдігі ол қаражатты өз қалауынша игеретін. Енді біз ақшаның шикізат сатып алуға жұмсалуын бақылаймыз. Бұл жоғарыда аталған тауарлардың бағасы көтерілмейді деген сөз. Меморандум бір жылға жасалады», - деп түйіндеді сөзін үкімет басшысының орынбасары.

Айта кетейік, осыған дейін Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Қазақстанда қант қымбаттамайтынын айтқан еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама