×

Әуе компанияларының қызметі бір жылда 27% қымбаттады

Сектордағы компаниялардың табысы 277 млрд теңгеге жетті

 Дәурен Ерболат 22.08.2022 | 10:15
Фото: inform.kz

Қазақстанда авиакомпаниялар қызметінің бағасы бір жылда 27%-ға өскен, деп хабарлайды finprom.kz.

Биыл қаңтар-шілдеде әуе компаниялардың кірісі 276,8 млрд теңгеге жеткен. Былтырғы көрсеткіш – 189,2 млрд теңге.

Табыстың негізгі бөлігі барлық бағытта жолаушыларды тасымалдаудан түскен – 270,6 млрд теңге. Тағы 6,2 млрд теңге – жүк пен багаж тасымалдау есебінен. Экипажбен бірге көлік құралдарын жалға беруден түскен табыс – 3 млрд теңге.

2022 жылғы қаңтар–шілдеде ұшаққа отырған жолаушылар саны – 5,8 млн адам. Бұл өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 12,8%-ға артық.

Биыл шілдеде 1,2 млн адам тасымалданған. Бұл маусымға қарағанда 7,3%-ға көп және қаңтармен салыстырғанда 2,2 есе артық.

Жолаушылар тасымалының басым бөлігі Алматыға тиесілі: 4 млн адам, бір жылда плюс 8,8%.

2022 жылғы 7 айда жолаушылар айналымы 10,2 млрд жкм болды, көрсеткіш бір жылда 29%-ға артты.

Әуе көлігімен 12,7 мың тонна жүк пен багажды тасымалданды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 36,1%-ға аз.

Биыл шілдеде жүк пен багажды авиатасымалдау маусыммен салыстырғанда 8,8%-ға өсіп, 2,4 мың тонна болды.

Жүк айналымы 28,5 млн жкм-ға тең. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 37,4%-ға аз.

Хабар24 телеарнасының мәліметінше, Қазақстанда 50-ден аса жаңа ұшақ сатып алынады. Олардың 14-і жыл соңына дейін отандық авиакомпаниялардың паркіне жеткізіледі. Қалғандары 2025 жылға дейін сатып алынады деп жоспарланып отыр.

2022 жылғы шілденің қорытындысы бойынша жолаушыларға арналған авиакомпаниялар қызметтерінің бағасы бір жылда 26,6%- ға өскен.

Әуе компаниялардың қызметі Түркістан (56,8%), Жамбыл (46,7%) және Шығыс Қазақстан (44,5% - ға) облыстарында айтарлықтай қымбаттаған. Ал Солтүстік Қазақстан облысында баға өзгеріссіз қалды.

Сондай-ақ 3 өңірде қызмет арзандаған: Ақмола облысында – 8,7%, Қызылорда облысында – 8,8%, Павлодар облысында – 17,7%.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама