×

Күзде ет қымбаттайды. Мал бағу тиімсіз кәсіп болып барады

Мал бағу шығыны үш есе қымбаттаған

 Ербол Тұрымбет 20.08.2022 | 09:38
коллаж: Halyq Uni

Қазақстанда былтырдан бері ет пен құс еті шамамен 15% қымбаттаған. Нәтижесінде халық етті аз жейді. Биыл бірінші тоқсанда әрбір қазақстандық небәрі 11,5 келі ет пен құс етін жеген. Бұл қайта былтырғы осындай кезеңдегі көрсеткіштен 5,9% артқаны.

ФЕРМЕРЛЕР ЕТТІ 900 ТЕҢГЕДЕН САТАДЫ

Шілде айында Сауда және интеграция министрі болып тұрған Бақыт Сұлтанов ет бағасының өсуіне ешқандай негіз жоқ деген. Себебі фермерлерден еттің бағасы орташа есеппен 900 теңгеден алынады. Алайда соңғы тұтынушыға жеткенше монополия, делдал, олигополия салдарынан бағаның өсіп кететінін айтқан. Оған қатысты жұмыс істеп жатырмыз дегенімен, жағдай өзгермей тұр.

Ал сала өкілдері отандастарымызға жуық арада ет бағасының тағы бір қымбатшылығына дайын болуды ескертіп отыр. Себебі оған ықпал ететін бірнеше себеп бар. Ангус республикалық палатасының директоры Дәурен Салықовтың айтуынша, осыдан он жыл бұрын дизель отынының бағасы 72 теңге болса, қазір үш есе қымбаттап, 220 теңгеге жетті. Одан бөлек, еттің өзіндік құнын құрайтын жем-шөп, оған керекті химия, жұмыс күші – бәрі қымбаттап жатыр.

Ангус тұқымының бір сиырын 2012 жылы 450 мың теңгеден саттым. Қазір де сол бағада тұр. Яғни, он жыл ішінде шығындарымыз үш есе қымбаттағанымен, малдың бағасы сол қалпы қалып қойды. Қазір де жем-шөп бағасы өсіп жатыр. Былтырғы қуаңшылықтың салдарынан кей өңірлерде әлі де тапшы, дейді ол.

Оның пікірінше, Қазақстанда ет бағасы қымбат емес. Тек халықта сатып алатын ақша жоқ. Сондықтан қарапайым халыққа кез келген дүкеннен ет сатып алатындай дисконт карталар беру керек.

Оның үстіне, елде мал саны кеміп жатқанын айтады. Өйткені, мал шаруашылығымен айналысқан тиімсіз. Малдың, еттің бағасы өз құнын өтемейді. Тірі мал экспортына шектеу қойылған.

Бізде қазір сиыр етінен 20% профицит бар. Ол шамамен 200 мың тонна ет. Соның өзін сыртқа сата алмай отырмыз, дейді кәсіпкер.

МИНИСТРЛІК САЛҒАН КӨТЕРМЕ-ТАРАТУ ОРТАЛЫҚТАРЫНДА ДЕЛДАЛДАР ОТЫР

Дәурен Салықов Сауда министрлігі нарыққа енгізген көтерме-тарату орталықтарына да қарсы. Оның орнына елімізде ет сататын базар жеткілікті. Сондықтан жаңадан велосипед ойлап табудың керегі жоқ, тек фермерлерге сауда жасауға мүмкіндік беру керек.

Аталған орталықтың шаруаларға көмегінен бұрын кедергісі көп екенін Қазақстан фермерлері қауымдастығы да айтып отыр. Төраға орынбасары Ермек Әбуовтың айтуынша, фермер үшін өнімін нарықтағы бағамен сату проблемаға айналған.

Қарағандыда салынған көтерме-тарату орталығын көзімізбен көріп, соған куә болып қайттық. Егер фермер барып өнімін өткізгісі келсе, оған салығын төлеткізеді, тұрған орнына ақша алады, ешқандай жағдай жасалмаған оларға, дейді ол.

Оның айтуынша, Сауда министрлігі оны салғаннан кейін жұмысын реттеу керек еді. Ауыл шаруашылығы министрлігімен, жергілікті әкімдікпен, ондағы фермерлермен келісімге отыру керек еді. Алайда керісінше, толып жатқан базарлар сияқты жұмыс істейді.

Ылғи алыпсатарлар отыр. Қазір нарықта сиыр еті 3 мың теңгеге жуық деп отырмыз. Егер фермерден ет-сүтін нарық құнына жақын бағамен алып кететін болса, сосын үстіне 100-200 теңгесін қосып сататын болса, ол халыққа да, фермерге де жақсы болар еді, дейді Ермек Әбуов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама