×

Ұлттық банк Ресейге салған инвестициясын қайтарып ала алмай қалды

Ұлттық қор мен БЖЗҚ қаржысына Ресейдің бағалы қағаздары сатып алынған

 Бауыржан Мұқанов 19.08.2022 | 09:47
Коллаж: Halyq Uni

Таяуда жекелеген ақпарат құралдарында Ресей батыстың санкциясына жауап ретінде шетелдік инвесторлардың Мәскеу қор нарығына салған қаржысын шығармай қойғаны хабарланған еді. Арасында Қазақстан Ұлттық банкі мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициясы да бар.

Halyq Uni Мәскеуде Қазақстанның қанша қаржысы қалып қойғаны, оны қайтару қаншалықты мүмкін екенін сұрап Ұлттық банкке хабарласқан еді.

Ұлттық банктің хабарлауынша, расымен де, Ұлттық Қор мен БЖЗҚ зейнетақы активтері Ресейдің борыштық бағалы қағаздарына (мемлекеттік және корпоративтік бағалы қағаздар) инвестицияланған екен.

«Индекстік басқару халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылады және эталондық индекске кіретін қаржы құралдарының кең тізбесіне инвестициялауды көздейді», – деп түсіндірді бас банк Ресейге құйған инвестицияның себебін.

Ұлттық банк мәліметінше, 2022 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша, БЖЗҚ зейнетақы активтерінің  9,2 млрд теңгесі доллармен Ресей Федерациясының мемлекеттік бағалы қағаздарына салынған. Бұл зейнетақы активтерінің шамамен 0,07%-ы.

Зейнетақы қорынан бөлек Ұлттық қордың да қаражатына доллармен және еуромен РФ мемлекеттік бағалы қағаздары мен корпоративтік бағалы қағаздары сатып алынған.

«2022 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша, шамамен 107,4 млн АҚШ долларына ресейлік бағалы қағаздар сатып алынды. Бұл Ұлттық қордағы валюталық активтер мөлшерінің 0,2%-ы», – деп хабарлады Ұлттық банк.

Айта кету керек, қазіргі уақытта Ресейдің жауапты мемлекеттік органдары «достас елдердің»  активтерін ұстаушылар алдындағы өз міндеттемелерін төлеу үшін нарықтық инфрақұрылымды құру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

«Ұлттық Банк қалыптасқан жағдайды мұқият бақылауда ұстап отыр және осы мәселелер бойынша реттеушілермен ұдайы байланыста. Қажет болған жағдайда, тиісті шаралар қабылдауға дайын», – деп мәлімдеді бас банктің баспасөз қызметі.

«БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық портфелін стратегиялық бөлу индекстік негізде шетел активтерінің негізгі санаттарына инвестициялауды көздейтінін атап өткіміз келеді. ҰҚ-ның активтерін сенімгерлік тұрғыда басқарған жағдайда, активтерді белсенді басқару, активтерді пассив басқару және активтерді жетілдірілген индекстік басқару қолданылады. Халықаралық тәжірибеде активтерді инвестициялау кезінде тәуекел мен кірістіліктің белгілі бір параметрлеріне жауап беретін қаржы құралдарының ауқымды жиынтығы саналатын әртүрлі индекстер кеңінен қолданылады. Әдетте, индекстерді әлемдегі жетекші қаржы ұйымдары әзірлейді және қадағалайды. Инвесторлар индекстерді стратегиялық мақсаттары мен міндеттерін қанағаттандыратын эталондық портфельдер ретінде пайдаланады», – дейді Ұлттық банк.

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама