×

Ауыл шаруашылығына инвестиция жетпейді. Субсидияны ірі шаруашылықтар ғана алады

Ауыл шаруашылығы техникасы екі есе қымбаттады

 Ербол Тұрымбет 17.08.2022 | 15:07
Коллаж: Halyq Uni

Ресми мәлімет бойынша, елімізге инвестицияның жартысынан астамы тау-кен өндірісі, оның ішінде негізінен мұнай-газ саласына құйылады. Есесіне құрылыс, ауыл шаруашылығы сынды салаларға инвестиция тарту әлі де болса кенжелеп қалған.

ИНВЕСТИЦИЯНЫҢ ЖАРТЫСЫНАН АСТАМЫ МҰНАЙҒА ҚҰЙЫЛАДЫ

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2021-2025 жылдарға құрылған арнайы жоспар бар. Соның аясында былтыр 266,6 млрд теңгеге 285 жоба іске қосылған. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2021 жылғы 13,2 трлн теңге инвестицияның ішінде 773 млрд теңгесі ғана ауыл, орман және балық шаруашылығына келген.

Инвесторларды елімізде негізінен мұнай саласы ғана қызықтыратынын өңірлік бөліністер де көрсетіп отыр. Айталық, былтыр елорда мен Алматы қалаларына 1,2 трлн теңгеден келсе, Атырау облысына құйылған инвестиция 3 трлн теңгеге жуықтайды. Дәл осындай мәлімет жылда қайталанып келеді.

Ауыл шаруашылығы саласының инвестициялық тартымдылығы тым төмендігінен елде азық-түлік қымбаттап, мал басынының әлдеқайда кеміп қалғанын Қазақстан фермерлері қауымдастығы да мойындайды. Олардың мәліметінше, 90-жылдары елде қара малдың басы 9,7 млн болса, былтырғы мәлімет бойынша бар-жоғы 8,1 млн бас бар. Қой саны ол кездері 36 млн болса, қазір 2 есеге жуық аз.

Нәтижесінде азық-түлік түрлерінің ішінде ең көбі сиыр етімен ғана өзімізді былтырғы көрсеткіш бойынша 98% қамтып отырмыз. Ал сүт және сүт өнімдеріне келгенде жылда елге 500 мың тоннасы сырттан келеді. Құс етінде де импортқа көп тәуелдіміз.

КІШІ ЖӘНЕ ОРТА ШАРУАШЫЛЫҚТАРДЫҢ 85%-Ы СУБСИДИЯ АЛА АЛМАЙДЫ

Қауымдастық төрағасының орынбасары Ермек Әбуовтың айтуынша, инвестицияны былай қойғанда, мемлекеттік көмектің өзі орта және кіші буын шаруашылықтарға жетпейді. Өйткені талаптары қиын, негізінен ірі шаруашылықтарға арналған. Сайып келгенде мемлекеттік қолдаудың бәрі дерлік бұрыннан келе жатқан негізгі шаруашылықтарға жасалады.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, былтыр республикалық бюджеттен 104,4 млрд теңге субсидия берілген. Оның 67,7 млрд-ы ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуды субсидиялауға жұмсалған.

Алайда, фермерлер қауымдастығы өкілінің сөзінше, елді негізінен азық-түлікпен қамтып отырған кіші және орта шаруашылықтардың 85%-ына жуығы сол субсидияны алмайды.

Инвестиция аздығының тағы бір себебі, мұнайға салатын болса, ақшасын тез арада қайтара алады. Ал мал шаруашылығы 10-15 жылсыз ақшасы қайтпайды. Оның үстіне, мемлекеттік органдардың немқұрайлығы мен сылбыр жұмысының кесірінен бұл саладан түсетін табыс та аз.

Соңғы 2 жылда дизель отынының бағасы шарықтап кеткен. Комбайндар былтыр 50 млн еді, биыл 100 млн-ға кетті. Трактор былтыр 46 млн еді, ол да қазір 100 млн-ға жетіп қалды. Саймандар да қымбаттады, былтыр 5 мың тұратын подчипник қазір 15 мыңға жетті. Соған қарамастан, шаруалар қара малдың етін нарыққа әлі күнге бұрынғы бағамен, 1700-1800 теңгемен тапсырып жүр. Бірақ, делдалдардың кесірінен дүкен сөрелеріндегі баға 3600 теңгеге дейін кетті. Ал министрліктердің, құзырлы органдардың олармен ісі жоқ, дейді қауымдастық өкілі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама