×

«Негізінен қала шетінен салынып жатыр». Сарапшы үй бағасының арзандау себебін айтты

Алдағы уақытта үй арзандай қоймайды

 Бауыржан Мұқанов 11.08.2022 | 15:00
Сурет: ашық дереккөзден

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, тұрғын үй нарығында сауда азайып барады.

2022 жылдың шілдесінде 30 393 үй сатылған. Бұл 2021 жылдың шілде айымен салыстырғанда 34,3% кем. Бюроның хабарлауынша, республиканың барлық өңірінде тұрғын үй саудасы бәсеңдеп кеткен.

Ал өткен аймен салыстырғанда сауда 2% азайды. Соның ішінде Павлодар 19,2%, Алматы 17%, Атырау облыстарында 7,4% төмендеген. Тек Нұр-Сұлтан (14%), Алматы (11,5%) қалалары мен Батыс Қазақстан (7,5%) және Ақтөбе облыстарында (4,4%) сауда көбейген екен.

Сауданың бәсеңдеуі бағаға да әсер етпей қоймады. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, Маусым айында мамырмен салыстырғанда Алматыдағы үйлер 0,7%, астанада 0,5% арзандаған. Бағаның төмендеуі, сарапшылардың пікірінше, наурыз айындағы күрт қымбатшылықтан кейінгі нарықтың қайта орнына түсуі болуы мүмкін. Естеріңізге сала кеткейік, наурызда тұрғын үйдің шаршы метрі 11%-ға дейін қысбаттап кеткен еді. 

Жылжымайтын мүлік саудасының маманы Анна Давыдованың айтуынша, наурыз айында баға күрт қымбаттағанының екі себебі бар.

«Біріншіден, наурызда доллар бағамы күрт өсті. Екіншіден зейнетақы жинақтарының шекті сомасының сәуір айынан бастап көтерілуіне байланысты наурызда халық барынша жылдам үй алып қоюға тырысты. Нәтижесінде сұраныс көп болды. Тиісінше сатушылар бағаны негізсіз көтере берді. Алайда, сәуір айы бойы нарық бәсеңдеп кетті. Сәуірдің соңына қарай ғана сұраныс қайта пайда бола бастады», - дейді Анна Давыдова.  

Сарапшының айтуынша, жаз айларында әдетте сұраныс аз болады. Қазіргі бағаның аздап төмендеуі соның салдары болуы мүмкін.

Оның үстіне жазда сұраныс көбеймейді, ал құрылыс компаниялары тарапынан ұсыныс артады. Нәтижесінде баға сәл төмендеуі қалыпты, дейді маман.

Сонымен қатар, Анна Давыдова кей қалаларда үй бағасының төмендеуіне тағы бір себепті атады.

Қазір жаңа үйлер негізінен қаланың шеткері аймақтарынан салынып жатыр, әсіресе Алматы қаласында. Ал олардың бағасы арзан болатыны анық. Тиісінше бұл қала бойынша орташа бағаның төмендеуіне әкеп соғады. Яғни, үйдің өзі арзандап жатқан жоқ, арзан үйлер салынып жатыр, деді сарапшы.

Оның пікірінше, алдағы уақытта үй бағасы арзандай қоймайды, өйткені банктер түрлі ипотекалық бағдарламаларын шығарып жатыр. Сондықтан, маманның айтуынша, 2018-2019 жылдардағыдай баға енді келмеске кетті.

«Егер доллар бағамы тағы өсетін болса, құрылыс компаниялары сатылымды тоқтатуы ықтимал. Ондай кезде халық нарықта бар үйлерді ғана алуға мәжбүр болады. Олай болса қаңтар-желтоқсан аралығында тоқырайды деген сөз», дейді сарапшы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама