×

«Нан бағасы – 90-100 теңге аралығында» - министрдің орынбасары

Алайда білдей бір Ауыл шаруашылығының вице-министрі айтқан 90-100 теңгенің нанын біз еш жерден кездестіре алмадық

 Еркеғали Болатұлы 29.07.2022 | 16:23
фото: ашық дереккөз

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Жеңіс Өсербай «Хабар 24» телеарнасына берген сұхбатында «Қазақстанда жақын арада нан бағасы көтеріле ме?» деген сауалға қатысты пікір білдірді.

Оның айтуынша, Қазақстанда нан бағасының өсуіне еш негіз жоқ көрінеді. Биыл елімізде бидайдан мол өнім алу күтіліп отыр екен.

«Ешқандай алғышарттар жоқ. Өйткені биылғы жылы бидай мен дәнді дақылдардың түсімі өте жақсы болады, 13 млн тоннадан астам өнім алынады деген болжам бар. Жалпы республикада 1,5 млн тонна қажеттілік бола тұра, 3 млн тоннадан астам ұн өндіріледі. Ауыл шаруашылығы министрлігі және Азық-түлік корпорациясы әлеуметтік тауар тобына жататын нанмен қамтамасыз етуде үлкен жұмыс атқарып жатыр. Яғни нан бағасы – 90 теңгеден 100 теңгеге дейінгі аралықта», - деді вице-министр.

Бұл ретте ол «нан бағасының қымбаттауы туралы қауесет бидай бағасының көтерілуіне байланысты тарауы мүмкін» деп отыр. Сондықтан оны негізсіз деп есептейді екен. Алайда білдей бір Ауыл шаруашылығының вице-министрі айтқан 90-100 теңгенің нанын біз еш жерден кездестіре алмадық. Дүкен сөрелерінде кемінде 140 теңгеден тұр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама