Оның айтуынша, әлемде ең мықты құрылысшылар түріктер
Halyq Uni тілшісіне берген сұхбатында «Қазавтожол» ҰК бұрынғы басшысы, жол саласының маманы Ұлан Әліп Қытай компанияларының жолды арзанға салатынын айтты.
«Елімізде Жолшылар қауымдастығы бар. Сол қауымдастыққа 32 компания тіркелген, олар республикалық жолдарда жұмыс істейді. 32 компанияның арасында монополия болуы мүмкін емес, тендерге қатысып, өз шамасына қарай жеңілдік жасап, ұтып алады. Одан бөлек 100-ге тарта жергілікті жолдарда жұмыс істейтін, бір-бірімен бәсекелес компаниялар бар. Бір ғана компания барлық тендерді алып жатыр деп айтуға негіз жоқ. Өзім «Қазавтожолда» жұмыс істеп жүргенде Қаржы министрлігінің сайтында электрондық конкурс өткіздік. Ал қаржы институттарының тендерлары сол ұйымдардың ережелеріне сәйкес өткізіледі. Мысалы, Азия даму банкі немесе Дүниежүзілік даму банкінің тендердері біздікіне қарағанда басқаша өтеді, талаптары қатал, қатаң іріктеуден өтеді. Қаржы институттары өткізген тендерларды шетел компаниялары ұтады деп айтып жатады. Неге десеңіз, қазақстандық компаниялар олардың талаптарына сәйкес келе алмайды. Ол біріншіден, қаржылық тұрақтылық. Басқа елдерде кредит желісі, қаржы айналымы бізге қарағанда басқаша. Қазақстанда пайыздық көрсеткіш 18-20 пайыз, шетелде 4 пайыздан аспайды. Шетелдік компаниялардың қаржылық жағдайы біздің компанияларға қарағанда жоғары болып келеді. Әрі қаржылық институттардың қаржыландырған жобаларына қатысу мүмкіндігі жоғары болады», – дейді Ұлан Әліп.
Оның айтуынша, Қазақстанда қазір бәсекеге қабілетті компаниялар бар. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» салынған кезде біраз компаниялар шетелдің компанияларымен бірігіп тендерға қатысып, тәжірибе жинады.
«Мысалы, «Казахдорстрой», «К-Дорстрой» деген компаниялар бар. Қателеспем бүгінгі күні шетелдіктермен бәсекелестікке түсе алатын он шақты компания бар. Бірақ қазір Қызылорда-Жезқазғанды Еуропа даму банкі мен Азия даму банкі өткізіп жатқан конкурстарға біздің белгілі компаниялар қатысып жатқан жоқ. Олардың жобаның бағасына көңілдері толмайды. Қазір Қазақстандағы жобаларды Қытай компаниялары алып жатыр. Қаржы институттары ең көп жеңілдік жасаған бағаға қарайды. Бүгінгі үлкен проблема Қытай компаниялары ең үлкен жеңілдік жасайды. Қытай үкіметі шетелде жұмыс істейтін компанияларға жақсы қолдау көрсетеді деген әңгіме бар. Бәлкім, бағаны мейлінше түсіретіні содан шығар», – дейді экс-басшы.
Ұлан Әліптің пікірінше, әлемде құрылыс саласында ең мықты жұмыс істейтін ел – түріктер.
«Біздегі жобалардың ішінде түріктер алдынғы орында тұр. Қазақстанда Италия компаниялары да жұмыс істеді, оларды төмен деп айтуға болмайды. Астана-Бурабай жолын салғанда жобаға бас инженер ретінде қатысқам. Еліміздегі ең бірінші автобан болғандықтан, қазақстандық көп компаниялар содан тәжірибе жинады. Сол сияқты Иран, Германия компаниялары болды. Қазір олардың көбі кетіп, азы қалды. Аты шетелдік болғанымен, көбі өзіміздің қазақстандықтар. Жалпы, осы күні қытайлық компаниялар көп. Олардың ішінде де небірі бар: жақсы жұмыс істейтіні де, нашар істейтінін де бар. Менің ойымша ол компаниялардың нашарлығы емес, Қазақстанға келіп, территориясы мен климаттық жағдайына үйреніп болғанша біраз уақыт кетеді» – дейді маман.
Сұхбаттың толық нұсқасын мына сілтемеден оқи аласыздар.