×

Жұмыссыздық vs Бәсеке. 2 мыңыншы жылдардағы «бейби бумның» әсері қандай болады?

10 мың түлек шетелге кетеді

 Бауыржан Мұқанов 18.07.2022 | 12:19
Коллаж: Halyq Uni

2022 жылдың I тоқсанындағы мәлімет бойынша, Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі 4,9% болды. Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда өзгермегенімен, Түркістан, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласында көтеріліп кеткен. Солтүстік Қазақстан облысын санамағанда, жұмыссыздық көбейіп бара жатқан өңірлер негізінен халық санының өсімі бойынша көшбасшылар.

14 шілде күнгі Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы жұмыссыздық туралы айта келіп, 2 мыңыншы жылдардағы бала туу көрсеткішінің күрт көбейгеніне байланысты алдағы уақытта еңбек нарығында жұмыс орнына тапшылық болатынын мәлімдеді. Ғасырлар тоғысында туған балалардың алды еңбек нарығына араласа бастады. Мыңжылдықтың басынан бастап туу көрсеткішінің бүгінге дейін тұрақты өскенін ескерсек, алдағы уақытта жұмыссыздық мәселесі одан сайын күрделене түсетіні анық. Экономика заңдылығына сай, еңбек нарығына келген 10 адамның 3-еуі нарыққа сіңісіп кетеді, қалған 70%-ға бизнес немесе мемлекет жаңа жұмыс орындарын ашуы керек болады.

106 МЫҢ АЗАМАТҚА ЖҰМЫС ЖОҚ

Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі 4,9% делінгенімен, жұмысқа жарамды халықтың өзінің үлесі аз. Яғни, 19 млн халықтың ішінде 11 млн-нан астамы ғана жұмысқа жарамды. Ал экономикалық белсенді халық 9,3 млн. Демек жұмыс істейтін әр азамат өзімен қоса тағы бір адамды асырап отыр деген сөз.

Еңбек ресурсын дамыту орталығының мәліметінше, 2022 жылы еңбек нарығына 295 мың жұмыс күші шығады. Ал сұраныс 188,6 мың ғана. Қалған 106 мыңы өзін өзі қамтушы, жеке кәсіпкер немесе жұмыссыздар санын толықтырмақ.

Орталықтың мәліметінше, биыл 261 мың түлек мектеп бітірді. Соның ішінде 109 мыңы 9-сынып, 152 мыңы 11 немесе 12-сынып тәмамдап, мектепті аяқтады. Түлектердің 131 мыңы колледждерге, 103 мыңы жоғарғы оқу орындарына түспек. Қалған 10 мыңы шетелге кетсе, қалған 17 мыңы еңбек нарығына араласпақ.

Биыл 145 мың түлек техникалық және кәсіби білім алып шықты, Соның ішінде 90 мыңы негізгі орта білім алса, 49 мыңы жалпы орта білім алған. Олардың 16,4 мыңы жоғары оқу орындарына оқуға түспек. 163,5 мың жоғары білім алып шықты. Олардың арасында 20 мыңы магистратура немесе докторантура оқыған.

Жалпы, биыл еңбекке жарамды халық саны 11,4 млн болмақ.

«ҚОЛДАН КӘСІПКЕР ЖАСАЛМАЙДЫ»

Әлеуметтанушы Талғат Мұсаевтың айтуынша, жұмысшы мамандықтарды игеруге көңіл бөлу керек. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының бағдарламалары Үкіметтің ақшасын құртып оқытқан тиімсіз. Өйткені кәсіпкерлікке оқытпайды, кәсіпкер адамның болмысында болу керек. 

Кеше Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында өңірлерде әрбір 10 мың халыққа 100 жұмыс орнын ашуды тапсырды. Әкім 100 жұмыс орнын қалай ашады, егер қолында кәсіпорны болмаса? Әкімдер ойлануы керек, бұрынғыдай бюджеттен 30-40 мың алып тиімсіз жұмыс орнын құруға болмайды, – дейді әлеуметтанушы.

Мұсаевтың айтуынша, Үкіметте жоспар көп, бірақ олар соңғы нәтижеге емес, процестің өзіне бағытталған. Сонымен қатар, бағдарламадардың орындалу есебі жоқ.

«ЖАСТАРДЫ ДАМЫТУДЫҢ ОРНЫНА ШЕТЕЛДЕН ДАЙЫН ТЕХНОЛОГИЯ АЛА САЛҒАНДЫ ЖӨН КӨРЕДІ»

Әлеуметтанушы Рамазан Салықжанов қазақстандық жастар арасында ғылым-біліммен айналысу «сәнге» айналмағанын айтады. Оның бір себебі Қазақстанда әлемдік деңгейде сапалы білім беретін оқу орындарының тапшылығы.

«Елімізде бәсекеге қабілетті білім беретін бір-екі оқу орны бар шығар. Ал басым көпшілігі жаһандық бәсекеге ілесе алмайды. Дегенмен, кейбір «тар» мамандықтар облыс орталықтарындағы оқу орындарында да жақсы оқытылады», – дейді әлеуметтанушы.

Сонымен қатар, оның айтуынша, Үкімет қазақстандық жастардың біліктілігін арттырып, ұзақмерзімді жоспар құруды емес, шетелден дайын технология әкеліп, дереу нәтижесін көргенді дұрыс көреді.

Мысалы, жиырмасыншы ғасырда советтер италияндықтардың Фият көлігіне алданып өздерінің автоөнеркәсібін дамыта алмай қалса, бізде тура дәл сол сияқты испанның Тальгосына алданып, нәтижесінде Қазақстан темір жолы Еуропа түгілі көрші Өзбекстаннан қалып бара жатыр. Біз өз технологиямызды дамытпай, шетелдің технологиясына қарап қалсақ, солай қаламыз. Үкімет дереу нәтиже беретін дайын өнімге әуес, бұл мүлде дұрыс емес, – дейді.

Әлеуметтанушының пікірінше, қазақстандық жастар арасында жоғары білікті мамандар бар. Бірақ жұмысқа алу кезіндегі жемқорлық мәселесі еңбек нарығына кесірін тигізіп отыр. 

 2 мыңыншы жылдардан басталған туу көрсеткішінің ұдайы өсімі еңбек нарығында осындай дағдарыс туыдатуы мүмкін. Дегенмен, экономика үшін оның пайдасын көрушілер де бар. Рамазан Салықжановтың айтуынша, жұмыс күші неғұрлым көп болса, бәсеке соғұрлым күшті болмақ. Тиісінше, мамандардың біліктілігі артады, дейді әлеуметтанушы. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама