×

Шымкентке ірі инвесторлар келе бастады

 2022-2025 жылдары 2,6 трлн теңгеге 242 жоба іске асырылады

 Дастан Жұмабекұлы 23.06.2022 | 14:33
фото: saigez.kz

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалық етуімен өткен Үкімет отырысында Қазақстанның инвестициялық саясатының 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасы қаралып, бекітілді. 

Осы жиында өңірлердегі инвестициялық жағдай туралы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов пен Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев айтып берді.

Шымкент қаласының әкімі айтуынша, жыл басынан бері қала экономикасына 131,1 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 29%-ға көбейген. Жыл соңына дейін 538 млрд теңге инвестиция тарту жоспарлануда. Бұл –  былтырғы жылмен салыстырғанда 16%-ға артады делінуде.

«Жалпы, 2022-2025 жылдары қалада 2,6 трлн теңгеге 242 инвестициялық жобалар бекітілді. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 550 млрд теңгеге 45 жоба іске асырылады», – деді Мұрат Әйтенов. 

Қала әкімі ірі жобалар туралы да айтты. Оның сөзінен белгілі болғандай, бірінші, биыл «KAZALPACK» компаниясы 23,4 млрд теңгеге алюмин банкілерінің өндірісі жобасын іске қосып, 150 жаңа жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ, бұл кәсіпорын 2023-2025 жылдары алюмин тақталары мен листтер өндірісі жобасын іске асырады. Инвестиция көлемі 40 млрд теңге. Соның нәтижесінде 350 жаңа жұмыс орны құрылады.

Екінші, «Karlskrona» компаниясы 26 млрд теңгеге гидравликалық насостар өндірісі жобасын іске асырады. Онда 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.

Үшінші, «Orient Ceramic» компаниясы 13 млрд теңгеге керамикалық тақталар өндірісі жобасын іске асыруды жоспарлап отыр. Бұл жобамен өзбекстандық инвесторлар да айналысады. Өндіріс орнында 300-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады.

Төртінші, 1 000 орындық көпфункционалды университеттік клиника мен заманауи емхана жобасын іске асыру көзделген. Инвестиция көлемі – 120 млрд теңге. 3 мыңға жуық жұмыс орны құрылатын болады. Қазір жобалау жұмыстары аяқталып, сараптамадан өтуде. 

Бесінші, «Asia Trafo» компаниясының құны 7 млрд теңге болатын трансформатор өндірісі. Жоба аясында Орталық Азияда теңдесі жоқ жоғары кернеулі реакторлар шығарылады. 

Шымкент қаласының әкімі биыл өңдеу өнеркәсібі саласында 83 млрд теңгеге 25 жоба іске асырылатынын атап өтті. Нәтижесінде, 2 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады.

Бүгінгі күні қалада жалпы аумағы 743 га 4 индустриялық аймақта 185,3 млрд теңгеге 130 жоба іске асырылып, 8 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. Аймақтардың толымдылығы 90%-дан асты.

«Қала экономикасының қарқынды дамуына және инвесторлар тарапынан сұраныстың артуына байланысты, жаңадан 4 өндірістік алаң ашу жұмыстары басталды», –  деді Мұрат Әйтенов.

Бірінші, «Жұлдыз» индустриялық аймағы. Аумағы –  306 га. Бүгінгі күні инженерлік инфрақұрылымның құрылысы жүргізілуде. Бұл аймақта 200 млрд теңгеге 50-ден астам ірі инвестициялық жоба іске асырылады. 5 мыңға жуық адам жаңа жұмыс орындарымен қамтылады. Бүгінгі таңда 17 жобаға жер телімдері беріліп, инвесторлар жұмыстарын бастап кетті.

Екінші, «Бозарық» агро-индустриялық аймағы. Аумағы –  132 га. Басты бағыты – ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу. Инфрақұрылым құрылысы жүргізілуде. Аймақта 23 млрд теңгеге 21 инвестициялық жоба іске асырылатын болады. Қазір 7 млрд теңгеге 6 жобаны іске асыруға жер телімдері ұсынылды.

Үшінші, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағын кеңейту. «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағын кеңейту бойынша қосымша 175 га жер учаскесі анықталды. Бұл аймақта 150 млрд теңгеге 30-дан астам ірі жобаны іске асырып, 3 мың жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда.

Төртінші, «Стандарт» жеке меншік индустриялық аймағы. Аумағы – 119 га. Бұл аймақтың ерекшелігі – инвестор өз қаражаты есебінен 176 мың шаршы метр дайын өндірістік алаңдарын салып, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне ұсынады. Кәсіпкерлерге қаржы институттары мен мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдау көрсетіледі. Бүгінгі таңда аумақтың құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

«Шымкент қаласының әкімдігі 2025 жылға дейінгі инвестиция тарту жоспарына сәйкес жұмыстар жүргізуде. Біздің жоспарымыз Ұлттық экономика министрлігімен ұсынылған 2026 жылға дейінгі Инвестициялық саясат тұжырымдамасына сәйкес келеді», –  деді қала әкімі.

Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама