×

Инфляция мен баға тұрақтылығына ерекше маңыз беріліп отыр - үкімет басшысы

Ол мемлекеттік органдар басшыларының назарын бірқатар мәселеге аударды

 Халық үні 18.01.2022 | 12:00
фото: ашық дереккөзден

Премьер-министр Әлихан Смайылов инфляцияның, азық-түлік өнімдері мен мұнай өнімдері бағасының өсуіне жол бермеу шаралары туралы айтты.

Инфляция деңгейі өткен жылы қыркүйектегі 8,9 проценттен желтоқсанда 8,4 процентке дейін төмендеді. Бірақ бұл да – жоғары көрсеткіш. Бұл адамдардың сатып алу қабілетін төмендетіп, жалақыларының құнсыздануына әсер етеді. Тұтастай алғанда мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік саясатының тиімділігін төмендетеді. Сондықтан инфляция мен баға тұрақтылығына ерекше маңыз беріліп отыр. Азық-түлік тауарларын өндіру көлемін арттыруға, ішкі нарықта тауарлардың жеткілікті болуына, энергия көздеріне баға белгілеу тетігі мен ақылы қызметтердің тарифтерін қайта қарауға мүмкіндік беретін жүйелі шаралар қабылдау қажет, – деді үкімет отырысында ол.

Премьер мемлекеттік органдар басшыларының назарын бірқатар мәселеге аударды.

  • Бірінші. Бәсекелестікті қорғау агенттігі монополияға қарсы шара қолдану және делдалдық схемаларды тексеру бойынша жұмысты күшейту керек. Біз жауапсыз сатушылар мен алып-сатарларға бағаны негізсіз өсіру есебінен пайда табуға жол бермеуіміз қажет.
  • Екінші. Өңірлер әкімдері үстеме баға мен шекті бағаны бақылау жұмысын күшейтсін.
  • Үшінші. Қаржы министрлігі Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп, нақты тауарларды импорттау немесе өндіру кезінен бастап оларды сатуға дейін міндетті түрде электрондық шот-фактураларды жазып беру бойынша пилоттық жобаны жүргізу мәселесін пысықтасын. Бұл алып-сатудың әрбір деңгейінде үстеме бағаға мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Мәліметтерді беру үшін Сауда министрлігі мен Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелерін интеграциялау мәселесін шешу қажет.
  • Төртінші. Ауыл шаруашылығы министрлігіне ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен тұтыну көлемін есептеп, қажет болған жағдайда сыртқа сату бойынша шектеулер қоюды тапсырамын. Бірінші кезекте ішкі нарықты қамтамасыз етуіміз керек.
  • Бесінші. Мұнай өнімдерін жеткізу тізбегін қысқартып, баға белгілеу практикасын талдау қажет. Энергетика министрлігіне бір ай ішінде мұнай өнімдерін өндіру және сату құрылымын реформалау бойынша заңнамалық түзетулерді дайындауды тапсырамын.
  • Алтыншы. Мемлекеттік органдар көмір бағасының өсуіне жол бермеу үшін жұмыс істеп жатыр. Осыған байланысты, Бәсекелестікті қорғау агенттігі Индустрия министрлігімен бірлесіп, көмір бағасын өткен жылғы деңгейде сақтап қалу үшін заңға сәйкес шаралар қабылдауы қажет.
  • Жетінші. Индустрия министрлігі толық жұмыс істемей тұрған немесе тоқтап тұрған тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарына мониторинг пен талдау жүргізіп, олардың толықтай жұмыс істеуі үшін шараларды іске асыру керек.

Сөз соңында Смайылов Ұлттық экономика министрлігіне мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы жылғы 1-ші ақпанға дейін үкіметке инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенін енгізуді тапсырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама