Қазақстан «сұр» экспортпен күресіп келеді
Қаржылық мониторинг агенттігі жыл басынан бері жалпы құны 1,6 млрд теңге болатын 6 мың тонна жанар-жағармайдың заңсыз сатылуы бойынша 13 материал тіркеген, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен өткен кеңесте Қазақстанның ішкі нарығын жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Оған Энергетика министрлігі, Қаржылық мониторинг агенттігі, ҰҚК Шекара қызметі, Мемлекеттік кірістер комитеті және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басшылығы қатысты. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев пен «ҚазМұнайГаз» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевтың айтуынша, нарықтағы жағдай тұрақты және жанар-жағармайдың барлық түрі бойынша қор жеткілікті. Көктемгі егіс жұмыстары үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге дизельдік отын жеткізу бірінші кезекте жүргізіліп жатқаны атап өтілді.
ҰҚК Шекара қызметі директорының орынбасары Бауыржан Әбсаматов мұнай өнімдерінің көлеңкелі ағыны мен «сұр» экспортын болдырмау бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын хабарлады. Атап айтқанда, Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесіп, жыл басынан бері бақылау-өткізу бекеттерінде шамамен 130 мың литр көлемінде жанар-жағармайды заңсыз әкетудің 900-ге жуық дерегі анықталып, жолы кесілді. Бұдан бөлек, жыл басынан бері Қаржылық мониторинг агенттігі жалпы құны 1,6 млрд теңге болатын 6 мың тонна жанар-жағармайдың заңсыз сатылуы бойынша 13 материал тіркеді, – дейді Үкімет.
Сондай-ақ, кеңесте ресейлік тараппен қажет болған жағдайда жанар-жағармай жеткізу туралы үкімет деңгейіндегі келісім бар екені атап өтілді. Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-министрдің бірінші орынбасары ішкі нарықта жанар-жағармай тапшылығын болдырмау және оны елден заңсыз шығару әрекеттерінің жолын кесу бойынша нақты тапсырмалар берді.
Ресей Қазақстаннан 100 мың тонна бензин сұрауы мүмкін – БАҚ. Қазақстанда жанар-жағармай шетелдік жүргізушілерге қымбатқа сатылады. Шетелге 25 мың литрге жуық бензиннің шығарылуына жол берілмеді. Шекарадан жанар-жағармай алып шығу әрекеті қатаң бақыланады. Қазақстан азаматтары мен шетелдіктер үшін дизель отынының бағасы белгіленеді.