×

Базалық мөлшерлеме 14,75% деңгейінде сақталады – Ұлттық банк

Наурызда жылдық инфляция 9,1% болды

 Дәурен Ерболат 12.04.2024 | 12:39
Фото: Ұлттық банк

Ұлттық банк елімізде базалық мөлшерлеме 14,75% деңгейінде сақталатынын хабарлады.

ҰБ Ақша-несие саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/-1 пайыздық тармақ дәлізімен жылдық 14,75% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады, - деп жазылған хабарламада.

Биыл ақпан-наурызда жылдық инфляция төмендеу үрдісін жалғастырды.

Ол баяу қарқынмен төмендеді. Инфляциялық күтулер біршама әлсіреді. Бірақ инфляция жоғары деңгейде қалды. Сыртқы инфляциялық жағдай бейтарап түрде қалыптасып отыр. Әлемдік нарықтарда астық бағасы төмендеп келеді. Ішкі экономикада орнықты ішкі сұранысқа және тұрақтанбаған инфляциялық күтуге байланысты инфляциялық қысым сақталып отыр, - деп жазылған Ұлттық банк таратқан хабарламада.

Инфляция бойынша 5%-дық мақсатқа жету үшін ұстамды қатаң ақша-несие шарттарын сақтау қажет. Қазір ақша-несие саясатын жеңілдетуге арналған кеңістік әлі де шектеулі. Оның қалыптасуы инфляцияның орнықты бөлігінің тұрақты түрде баяулауына байлынысты. 

Жылдық инфляция 2024 жылғы наурызда 9,1%-ға дейін баяулап, болжамды траекториядан біршама жоғары қалыптасты. Ауытқу құбылысы тұрғын үй-коммуналдық қызметтер (ТКҚ) бағасының мейлінше тез өсу әсерінен болып отыр. Ұстамды қатаң ақша-несие саясаты мен астықтың әлемдік бағасының төмендеуі инфляцияның төмендеуіне септігін тигізіп жатыр, - деп жазылған хабарламада.

Айлық инфляция ақпандағы күрт өсуден (1,1%) кейін наурызда 0,7%-ға дейін баяулады. Бірақ орташа тарихи мәндерінен жоғары (0,6%) қалыптасты.

Базалық және маусымдық факторлар ескерілмеген инфляция көрсеткіштері ұқсас динамиканы көрсетіп отыр. Яғни ақпанда күрт үдеуден кейін наурызда айтарлықтай төмендеді. Халықтың инфляциялық күтуі біршама төмендеді. Алайда күтулер әлі де жоғары деңгейде. Бұл негізінен тамақ өнімдері, ТКҚ мен жанар-жағармай бағасының өсуіне байланысты, - деп жазылған хабарламада.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама