×

Тоқаев Ұлттық банк төрағасын қабылдады

Мемлекет басшысына инфляцияның қарқыны мен оны тұрақтандыру шаралары жөнінде мәлімет берілді

 Дастан Жұмабекұлы 13.03.2024 | 17:46
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовті қабылдады.

Мемлекет басшысына Ұлттық банктің былтыр және биылғы қаңтар-ақпан айларында жүргізген ақша-несие саясатының қорытындысы туралы есеп беріліп, алдағы кезеңге арналған жұмыс жоспары таныстырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстандағы және әлемдегі экономикалық жағдайдың даму барысы, инфляцияның қарқыны мен оны тұрақтандыру шаралары жөнінде мәлімет берілді.

Атап айтқанда, Ұлттық банк төрағасы жылдық инфляцияның бәсеңдегенін және ішкі экономикада проинфляциялық факторлар сақталып отырғанын жеткізді. Сонымен қатар БЖЗҚ активтері мен алтын-валюта резервтерінің жай-күйі, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының іске асырылу барысы баяндалды.

Тимур Сүлейменов мемлекет басшысының бұған дейін экономиканың нақты секторын қаржыландыру ісін кеңейту жөнінде берген тапсырмасының орындалу барысы, сондай-ақ Ұлттық төлем жүйесін дамытуға, ашық банкинг қағидаттарын енгізуге бағытталған жобалардың іске асырылуы туралы айтты. Бұдан бөлек, президентке тұтынушылардың қаражатын алаяқтардан қорғау мақсатында антифрод-орталық құру, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу және бюджет шығыстарының ашықтығы мен тиімділігін арттыру үшін цифрлық теңгенің әлеуетін пайдалану туралы мәлімет берілді.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банк қызметінің негізгі бағыттарына қатысты бірқатар міндет жүктеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама