×

Қазақстандық мұнайдың Әзербайжан арқылы транзиті ұлғайтылмақ

Кездесу бірлескен үкіметаралық комиссияның 20-отырысының қорытындысы бойынша өтті

 Динара Амантай 06.03.2024 | 10:48
фото: karatu.ru

Қазақстанның Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев сейсенбіде өзінің әріптесі – Әзербайжанның Энергетика министрі Парвиз Шахбазовпен кездесті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Кездесу Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияның 20-отырысының қорытындысы бойынша өтті.

Кездесу барысында тараптар елдердің энергетика, қазақстандық мұнай транзиті, жаңартылатын энергия көздерінің ауқымды жобаларын іске асыру саласындағы ынтымақтастығына қатысты бірқатар мәселені талқылады.

Еске сала кетсек, 2022 жылдың қарашасында «ҚазМұнайГаз» және SOCAR компаниялары арасында Ақтау-Баку-Тбилиси-Джейхан бағыты бойынша мұнай транзиті туралы келісімге қол қойылған болатын.

2023 жылдың қорытындысы бойынша Ақтау портынан мұнай жөнелту Баку-Тбилиси-Джейхан бағытында 1 057 мың тонна болды. 2024 жылға қазақстандық мұнайды БТД арқылы жылына 1,5 млн тонна көлемінде жеткізу жоспарланған.

Біздің ұлттық компанияларымыздың алдына Қазақстанда өндірістің өсуін ескере отырып, мұнай жеткізу көлемін ұлғайту міндеті қойылды. Осыған байланысты, біз қазақстандық мұнайды жеткізу көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз, - деп атап өтті кездесу барысында Алмасадам Сәтқалиев.

Энергетика министрлігінің басшылары Каспий теңізінің түбіне терең су кабелін төсеу арқылы Кавказ өңірі мен Орталық Азияның энергия жүйелерін қосуға бағытталған жобаны іске асыру бойынша алдағы жұмыстарды талқылады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама