×

Шағын және орта бизнестің несиесі 900 млрд теңгеден астам көлемде субсидияланады

Өңдеу өнеркәсібіндегі жаңа жобалар 3 жылға салық төлеуден босатылады

 Динара Амантай 05.02.2024 | 10:42
Фото: Halyq Uni

2024 жылы ШОБ-тың банктік несиесі 900 млрд теңгеден астам сомаға субсидиялаумен және кепілдендірумен қамтылатын болады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі. 

Қазақстан Үкіметі инвестициялық ахуалды жақсарту және кәсіпкерлікті дамыту бойынша кешенді жұмысты жалғастырып жатыр. Бүгінде қабылданған шаралардың арқасында шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандар саны 10%-ға артып, 4,3 млн адамға жетті. Бұл – еліміздегі еңбекке қабілетті азаматтардың 45%-ы. 

Өткен жылдың 9 айында Қазақстанның жалпы ішкі өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 36,5%-ға дейін өсті. Бизнес жүргізу шарттары айтарлықтай жеңілдетілді. Мысалы, 10 мыңнан астам артық талап алынып тасталды. 

Тәуекелдерді басқару жүйелерін автоматтандыру нәтижесінде 1 қаңтардан бастап адам қатысуынсыз тексерулер тағайындалып жатыр. Бұл шара тексерулер санын 2 есе азайтады.

Сонымен қатар мемлекет бизнесті қаржылай қолдау шараларын іске асырып жатыр. 

Атап айтқанда, биыл 900 млрд теңгеден астам сомаға ШОБ-тың банктік несиелерін субсидиялау және кепілдендіру жоспарланып отыр.

«Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары біріктірілгенін ескере отырып, кәсіпкерлікті қолдаудың жаңа тәсілдері әзірленді. Субсидиялаудан кепілдік беру құралдарына және өзге де қаржылық емес қолдау шараларына біртіндеп көшу көзделеді.

Одан бөлек, облигациялар мен бірлестірілген несиелер арқылы қаржыландыру құралдары кеңінен қолданылады. Әкімшілендірудің сервистік моделін енгізуді көздейтін жаңа Салық кодексі бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Оның нәтижесінде салық міндеттемелерін орындау процесі айтарлықтай жеңілдемек. 

Жалпы салықтар мен басқа да төлемдер саны 20%-ға, ал салық есебі нысандарының саны 30%-ға қысқарады. Бұл ретте өңдеу өнеркәсібіндегі жаңа жобалар 3 жылға салық төлеуден босатылады. Нәтижесінде салық міндеттемелерін орындау жеңілдетіліп, салық жинау тиімділігі артады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама