×

Астананың 2035 жылға дейінгі бас жоспары бекітілді

Бас жоспарды іске асыруға 2025 жылға дейін 6,3 трлн теңге инвестиция тартылған

 Халық үні 17.01.2024 | 11:40
Фото: Владислав Воднев

Үкімет Астананың 2035 жылға дейінгі бас жоспарын бекітті. Жоспарда елорданың әлеуметтік, тұрғын үй-коммуналдық, көлік және энергетикалық инфрақұрылымын одан әрі дамыту жөніндегі қадамдар белгіленген. Тиісті қаулыға премьер-министр Әлихан Смайылов қол қойды.

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қаланың бас жоспарында халық санының қарқынды өсуін ескеріп, қаланы қарқынды дамыту шаралары қарастырылған. Қазір елорда тұрғындарының саны шамамен 1,2 млн адамды құрайды, 2035 жылға қарай аталған көрсеткіш 2,3 млн адамға жетеді деп болжанған.

Бас жоспарда 164 мектеп, 178 балабақша және 93 денсаулық сақтау мекемесінің құрылысы қарастырылған. 2029 жылға дейін 15 заманауи оқушылар сарайы салынады. Мұның барлығы жергілікті бюджет пен жеке инвестициялар есебінен қаржыландырылады.

Елорданың тұрғын үй қорын 68,2 млн шаршы метрге дейін, ал жол желісінің ұзындығын мың шақырымнан 2,5 мың шақырымға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Қоғамдық көліктің баламалы түрлерін дамытып, негізгі магистральдарда, әсіресе Есіл ауданында кептелістерді жеңілдету үшін бес ірі көпір салу жоспарланған.

Су тұтыну көлемінің өсуін ескере отырып, Ертіс-Қарағанды каналынан тартылатын су құбырымен тәулігіне 210 мың текше метрге №4 сорғы-сүзгі стансасы салынады. Бұл ретте техникалық сумен қамтамасыз ету үшін өндірістік қуаты тәулігіне 160 мың текше метрге дейін жететін «Тельман» сорғы стансасын кеңейту көзделген.

Жылу және электр энергиясы бойынша 3-ЖЭО-ның екінші кезегін, төрт жаңа газ жылу стансасын салу және 2-ЖЭО-ны кеңейту, сондай-ақ 110/10 кВ 14 қосалқы стансаны іске қосу жоспарланған.

Газбен жабдықтау мәселелерін шешу үшін қолданыстағы АГТС-1 және АГТС-2 автоматтандырылған газ тарату стансаларының қуаты ұлғайтылады, сондай-ақ ұзындығы 71 мың шақырымнан асатын жаңа тармақ бойынша «Сарыарқа» магистральдық газ құбырына қосылатын АГТС-3 салынды.

Сонымен қатар өткен жылы қосымша 2 700 гектар жер бөлінген Астананың «жасыл белдеуін» дамыту жалғасады, онда, сондай-ақ қоғамдық және аула аумақтарын абаттандыру шаралары қабылданады.

2025 жылға дейінгі бас жоспарды іске асыруға барлық қаржы көздерінен тартылған инвестиция көлемі 6,3 трлн теңгені құрайды. Оның 4,3 трлн теңгесі тұрғын үй құрылысына жеке инвестициялар, 700 млрд теңгесі инфрақұрылымдық жобаларға тиесілі.

Halyq Uni бұған дейін Астананың Қазақстанның бас қаласы ретінде халықаралық аренада таныстырылғанына 25 жыл толуына орай елорданы жаңа қалаға көшіру процесі, содан кейінгі жылдары қаладағы құрылыс қарқыны мен жас қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына шолу жасады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама