×

Қазақстан Жапонияға жылқы етін жеткізе алады – министр

Бүгінде бұл елге 204 млн доллар болатын 45 өңделген тауар экспортталады

 Дәурен Ерболат 13.01.2024 | 10:45
Фото: Halyq Uni

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Жапонияның Экономика, сауда және өнеркәсіп вице-министрі Ресукэ Кодзукимен кездесті, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Қос тарап сауда-экономикалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері мен перспективасын, оның ішінде екіжақты сауданы ұлғайту мүмкіндігін талқылады. 

Арман Шаққалиевтің айтуынша, Жапония Қазақстандағы ірі инвесторлардың ондығына кіреді. Соңғы 17 жылда жапондық инвестиция көлемі 7,8 млрд доллардан асқан.

2023 жылғы 11 айдың қорытындысы бойынша өзара тауар айналымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,5% өсіп, 2 млрд долларға жетті. 

Біз қазақстандық өнімдердің экспортын кеңейттік. 204 млн долларға 45 өңделген тауарды жеткізуді одан әрі арттыруға дайынбыз. Қазақстанда ірі ауыл шаруашылығы және азық-түлік хабына айналу үшін барлық ресурс бар. Ауыл шаруашылығы өнімдерін, әсіресе, жылқы етін жеткізуде үлкен мүмкіндік бар, - деді министр. 

Қос ел арасында сауда-экономикалық байланыс нығаюы үшін Арман Шаққалиев KazakhExport пен Жапонияның экспорттық-несиелік агенттігі арасында сақтандыру, қайта сақтандыру және несиеге кепілдік беру саласында тығыз ынтымақтастық орнатуды ұсынды.

Кездесуде қос тарап 2025 жылғы 13 сәуір мен 13 қазан аралығында Осака қаласында өтетін «Біздің өміріміз үшін болашақ қоғамын құру» тақырыбындағы ЭКСПО-2025 көрмесіне дайындық мәселесін көтерді.

Министрдің айтуынша, Қазақстанның халықаралық көрмеге қатысуы екі елдің мүдделі компаниялары мен іскер топтары арасында ұзақ мерзімді және өзара тиімді байланысты орнатуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Ресукэ Кодзуки екі ел арасындағы іскерлік қарым-қатынастың одан әрі жанданатынына сенім білдірді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама