Қазақстан мен Беларусь арасында «түсінбестік» туындады. Сауда министрі түсінік берді
Еліміз өз мүддесін қорғамақ
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қазақстанның жүк тасымалдаушылары Беларусь арқылы неге Еуропаға өте алмай жатқанына түсінік берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ведомство басшысы мұндай мәселе барын мойындады.
Биыл 8 қаңтардан бастап осындай мәселе туындады. Қазір Ресей және Беларусьтегі әріптестерімізбен бірге оны талқылап жатырмыз. Біз бұл мәселені комиссияға ресми түрде жібереміз. Бүгінде олардан жауап күтіп отырмыз. Менің ойымша, бұл – кедергі, техникалық барьер. Олай болмауы керек, - деді Арман Шаққалиев Сенаттың жалпы отырысынан соң.
Министр мәселе жақын арада шешілмесе, Беларусь әрекетін Қазақстан тарапы ресми түрде кедергі деп санайтынын жеткізді.
Бұл Еуразиялық экономикалық одақтың интеграция шарттарына сәйкес келмейді. Біздің әріптестеріміз (Беларусь тарапы) мұны қауіпсіздіктің мәселесі дейді. Олар шарттың 29-бабында ондай негіз барын айтады. Алайда бұл мәселеге біз басқаша қараймыз. Бұл тауар қозғалысын шектейді. Мәселені тиісті деңгейде реттей алмасақ, ресми түрде комиссия қарауына мұны кедергі ретінде енгіземіз, - деді басшы.
Айта кетейік, бұған дейін премьер-министр дәстүрлі сауда жолдары үзіліп, Қазақстанның балама жол іздеуге мәжбүр екенін айтқан еді. Сондай-ақ еліміз Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы Еуропамен байланысты нығайтуды көздейтіні хабарланды.