×

Қазақстанда шығармашылық субъектілер бірқатар салықты төлеуден босатылды

Бұдан былай шығармашылық субъектілер тек бірыңғай салықты төлейді

 Дәурен Ерболат 10.01.2024 | 18:02
Фото: Halyq Uni

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елімізде шығармашылық субъектілердің бірқатар салық төлеуден босатылатынын мәлімдеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

«Мемлекет басшысының шығармашылық индустрияны дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау үшін Ұлыттық экономика және Қаржы министрліктерімен бірге кешенді жұмыс жүргіздік. 

Мұндағы мақсатымыз шығармашылық субъектілеріне салықты жеңілдету болды. Осы кешенді жұмыстың нәтижесінде Үкімет қаулы қабылдады. Қаулыға сәйкес, 40 қызмет түрі арнайы бөлшек салық режиміне өтті. Бұл дегеніміз – бизнестің КТС, жеке табыс салығы, ҚҚС төлеуден босатылғанын білдіреді. Аталған қызмет түрлерімен айналысатын субъектілер енді бірыңғай салықты ғана төлейді. Бұл жеке кәсіпкерлер үшін 2%-дан 4%-ға дейін, ЖШС үшін 8%-ға дейін болады. Тек компанияның жылдық айналымы 2,2 миллиард теңгеден аспауға, ал штатта 200 адамнан көп болмауға тиіс, - деп жазды министр Facebook-тегі парақшасында.

Оның пікірінше, салықты жеңілдету кино, бейнеконтент пен телебағдарламаларды өндіруге және кейінгі өндіріске, музыкалық шығармаларға дыбыс жазу мен басып шығаруға, театр және музей өнеріне, сәулет және дизайнға, қолөнер бұйымдарына, халық шығармашылығына және кәдесыйлар өндірісіне әсер етеді.

Осы қолдау шарасын әзірлеу барысында халықаралық тәжірибені мұқият талдадық. Ең озық елдердің (Ұлыбритания, Германия, Оңтүстік Корея) тәжірибесі шығармашылық индустрияны дамыту үшін салықты жеңілдетуге ерекше мән беру керектігін көрсетеді. Аталған жұмыс – саланы ауқымды дамытуға бағытталған алғашқы қадамдардың бірі. Бұл – ұзақ жолдың басы ғана, - деді Аида Балаева.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама