×

Бизнесті тексеру: депутаттар мораторий мерзімін тағы да ұзартуды ұсынды

Депутат тізімге орта кәсіпкерлікті де қосуды сұрады

 Дәурен Ерболат 06.12.2023 | 14:42
көрнекі фото: Halyq Uni

Мәжілістегі «Ақ жол» фракциясының депутаттары бизнесті тексеруге мораторий мерзімін тағы бір жылға ұзартуды ұсынып, ҚР премьер-министрі Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

«2019 жылы микро және шағын бизнесті тексеруге 3 жылға мораторий жарияланды. Содан кейін ол тағы бір жылға ұзартылды.

Коронавирус пандемиясы өршіп тұрғанда және карантиннен кейін мораторий кәсіпкерлерге елеулі көмек болды.

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің дерегінше, 2019 жылы шағын және микробизнес 128 мыңнан аса рет тексеріліп, 2020 жылы олардың саны 5 есе қысқарды.

Осылайша, мораторий енгізу мемлекет тарапынан бизнесті қолдауға көрсетілген тиімді шаралардың бірі болды», - деді депутат Асқар Садықов.

Депутаттың айтуынша, шағын және орта бизнес субъектілерінің небәрі 0,2%-ын құрайтын орта кәсіпкерлік осы саладағы өндірістің 20%-ын қамтып отыр.

Мемлекеттік қолдау шараларының барлығы, тіпті мораторий де шағын және микробизнеске бағытталған. Алайда орта бизнесті қолдауға қатысты ештеңе жоқ. Сондықтан табысы мол шағын кәсіпорындар орта бизнеске өткісі де келмейді, - деді депутат.

«Ақ жол» фракциясының депутаттары кәсіпкерлерді тексеруге мораторий мерзімін 2024 жылдың соңына дейін ұзартуды ұсынып, бұл тізімге орта кәсіпкерлікті де қосуды сұрады.

Еске салайық, 2022 жылдың желтоқсан айында орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге салынған мораторий мерзімі 2024 жылдың 1 қаңтарына дейін ұзартылды. Президент тиісті жарлыққа өзгерту енгізді.

«Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін шағын кәсіпкерлік субъектілерін, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілерін тексерулерді және профилактикалық бақылауды барып жүргізуді тоқтатсын», – деп жазылған жарлықта.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама