×

«Халық жаппай басқа валюта сатып алар еді»: 1993 жылы доллар не себепті 4,69 теңге болды?

30 жылда 100 есе құнсызданған қағаз әлдеқашан банкрот болар еді

 Бауыржан Мұқанов 15.11.2023 | 09:24
Коллаж: Halyq Uni; суреттер спикерлердің жеке архивінен

1993 жылы 15 қарашада теңге алғаш нарыққа шыққан кезде доллардың бағамы 4,69 теңге болған. Алғашқы купюролар 13 банкноттан тұрды. Halyq Uni тілшісі сол кездегі Ұлттық банк басшылығы мен теңге дизайнерлерінің бірімен әңгімелескен еді.

ХАЛЫҚТЫҢ ТЕҢГЕГЕ СЕНІМІ ӨТЕ ТӨМЕН

«Теңгенің алғашқы бағамы техникалық тұрғыда ғана бекітілді. Өйткені кез келген валютаның құнын білу үшін ол айналымда болу керек. 1993 жылы теңге енгізілгенге дейін Қазақстанда айналымда қанша рубль бар екенін де ешкім білмедік. Теңгені айналымға қосқан кезде жалпы экономикасы жағдайын жобалап, доллар бағамын 5 теңгеге жақындатып қойдық. Артынша 10-15 күнде теңгенің шын нарықтық бағасы белгілі бола бастады», - дейді қаржыгер, сол кездегі Ұлттық банк төрағасының орынбасары болған Бейсенбек Зиябеков.

Айта кетейік, теңге айналымға шыққаннан екі аптадан кейін, желтоқсанға қарай доллардың теңгеге шаққандағы курсы 5 теңгеден асып кеткен. Ал 1994 жылы доллар бағамы 35 теңгеге жетті.

Қаржыгердің айтуынша, 30 жылда жиналған 36 млрд доллар алтын-валюта резерві мен Ұлттық қордағы 56 млрд доллар елдің шын экономикалық жағдайын көрсетпейді.

Алтын-валюта қорын жинау дегеніміз – артылған ақшаны жинау деген сөз. Ал халықтың өмір деңгейі төмен болып, мемлекет ақша жинап жатса, бұл дұрыс емес, - дейді қаржыгер.

Оның айтуынша, 30 жылда мемлекет бар ақшаны өндірістің мүмкіндігін арттыруға пайдалана алмады.

Бейсенбек Зиябеков сонымен қатар халықтың қазір теңгеге деген сенімі өте төмен екенін айтады.

Менің ойымша, қазір мемлекет теңгемен қатар тағы бір валюта шығаратын болса, халық бірден теңгеден бас тартып, жаппай жаңа валюта алар еді. Теңге қазір тек заң күшімен ғана айналымда жүр, халық өз еркімен теңге сатып алмас еді, - дейді қаржыгер.

Қаржыгердің пікірінше, 30 жылда валютамыздың 100 есе құнсыздануы мемлекеттің әлсіздігін көрсетеді.

Кез келген компанияның шығарған құнды қағазы 30 жылда 100 есе құнсызданатын болса, онда ол компания әлдеқашан банкрот болуы тиіс, - дейді Бейсенбек Зиябеков.

Қаржыгердің Еуразиялық экономикалық одақ аясында ортақ валюта құру туралы пікірін де айтты. Оның ойынша, Еуразиялық одақтың ортақ валютасын қабылдауға болмайды. Тіпті, болашақта Қазақстан бұл одақтан шығуды да ойластыруы керек.

ТҮРКІЛЕРДЕ БЕЙБІТШІЛІК СИМВОЛЫ ЖОҚ

Суретші, сәулетші, экономист, теңгенің алғашқы банкноттарының авторларының бірі Хайролла Әбжәлелов 1993 жылы шыққан теңге банкноттары әлемдегі ең сапалы валюта болғанын айтады.

Теңгенің алғашқы банкноттары сапасы жағынан әлемдегі ең үздік 10 валютаның бірі еді. ТМД елдерінің ішінде біздің валюта ең үздік болды. Соның ішінде техникалық сипаттары мен қорғаныс материалдары ең соңғы технология бойынша жасалған еді. Сол үшін Королеваның алтын белгісін де алдық, - дейді Хайролла Әбжәлелов.

Оның айтуынша, қазіргі банкноттардың сапасы әлсіз. Дизайны да әдемі емес.

Президентке жағу үшін банкноттың бетіне Астана салды, картаны салды, алақан салды. Түркі халықтарында кептер бейбітшілік символы емес. Бізде жалпы бейбітшілік символы деген жоқ. Оның орнына бізде қасиетті саналатындар бүркіт, қыран, ителгі, тазы, төбет, тұлпар, қасқыр болуы тиіс еді, - дейді теңге авторы.

Хайролла Әбжәлелов теңге дизайнын жиі өзгертуге ешқандай қажеттілік жоқ екенін айтады.

Әлемдегі ең қуатты экономикалардың бірі, банк жүйесі қатты дамыған Англияда төрт-ақ банкнот бар.  Олардың банкноттары өзгере бермейді. АҚШ-тың доллар әлі өзгерген жоқ. Ал бізде отыздан астан банкнот бар, - дейді.

Қоғам арасында алғашқы банкноттарды қайтарып, тарихи тұлғаларды қайтару керек деген пікірді теңге авторы қолдамайтынын айтады.

Банкнот ауыстыру оңай емес. Жүздеген миллион, қазір тіпті миллиардаған қаражат кетеді. Мұның бәрі желге ұшқан ақша болар еді, - дейді алғашқы теңге банкнотының дизайнері.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама