×

Мұнай қоры сарқылуға жақын кен орындары иелеріне «балама салық» салу ұсынылды

Сенатта Салық кодексінің жаңа редакциясы талқыланды

 Дәурен Ерболат 27.10.2023 | 11:41
Фото: Шамиль Жуматов / Reuters

KAZENERGY қауымдастығының бас директоры Кенжебек Ибрашев Қазақстандағы мұнай қоры таусылуға жақын кен орындарының иелеріне «балама салық» салуды ұсынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бүгін Сенатта Салық кодексінің жаңа редакциясы талқыланды. Жиында Кенжебек Ибрашев жаңа салық кодексіне мұнай саласындағы салықты реттеуге арналған ұсынысын айтты.

«Біріншіден, қоры сарқылып келе жатқан мұнай кеніші иелерін өндіріс деңгейін сақтап қалуға мүмкіндік беретін технологияларға инвестиция салуға, еңбек ұжымының айлығы мен әлеуметтік-тұрмыс жағдайын жақсарту үшін инвестиция салуға міндеттейтін жаңа ынталандырушы механизм қарастыру ұсынылады. Оны «жер қойнауын пайдаланушыға салынатын салыққа балама салық» деп атауға болады», - деді бас директор.

Екіншіден, мұнай кенішін барлау және өндірістік тәжірибе кезеңінде жағылатын газға салықты әлемдік бағамен емес, өзіндік құнына қарап салу ұсынылды.

Себебі, бұл газ экспортқа шығарылмайды, кәсіпорынның ішкі қажетіне жаратылады. Үшіншіден, экспортқа кететін мұнайды өндіруге салынатын салықтарды іс жүзіндегі сатылым бағасына қарап, трансферттік баға қалыптасу жағдайын ескеріп, есептеу керек, - деді Кенжебек Ибрашев.

Еске салайық, KAZENERGY қауымдастығының бас директоры Кенжебек Ибрашев экономиканы әртараптандыруды қазірден бастау маңызды екенін ескертті. Себебі, мұнайға малданып отыратын дәуір аяқталуға жақын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама