×

«Қазақтелекомның» әрбір басқарма мүшесі 105 млн теңге сыйақы алған

Бас прокуратура қорға тексеріс жүргізуге тиіс

 Дәурен Ерболат 04.10.2023 | 13:35
Фото: Sputnik / Абзал Калиев

«Самрұқ-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының еншілес компаниясы «Қазақтелеком» АҚ басқарма мүшелері жалпы 422 млн теңге сыйақы алған. Оның әрбір мүшесіне 105 млн теңгеден келеді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Депутаттық сауал Үкімет басшысы Әлихан Смайылов пен Бас прокурор Берік Асыловқа жолданды.

Самрұқ-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының қызметкерлері халықтың емес, өздерінің әл-ауқатын арттыруға аянбай еңбек етуде деуге болады. «Самрұқ-Қазынаның» еншілес «Самрұқ-Қазына Бизнес Сервис» компаниясының басшылығы кәсіпорынның тапқан пайдасынан 2 есе көп бонус алған. Кәсіпорын басшысы бір жылда 74,9 млн теңге, басшылық 274 млн теңге бонус жазып алған, - деді ол.

Депутаттың айтуынша, «Самрұқ-Қазына Бизнес Сервис» компаниясының еншілес кәсіпорны болып саналатын «КАЗ КЛОУД» компаниясының да жомарттығында шек жоқ.

Біріншіден, тең құрылтайшы болып саналатын «Қазақтелеком» өзінің үлесін жеке серіктестікке беріп жіберген. «Бұл үлес неге, қалай берілді, мемлекетке залал жоқ па?» деген сұрақтар туындайды.

Екіншіден, осы «КАЗ КЛОУД» команиясының менеджменті компанияның таза пайдасы 61 млн теңге бола тұра, сыйақы ретінде бір жылда 336 млн теңге алған. «Қазақтелеком» басқармасының мүшелері жалпы 422 млн теңге сыйақы алған. Әрбір мүшесіне 105 млн теңгеден келеді!

Біздің қарапайым халқымыз бір үзім нанға жарымай жүргенде, бұл неткен асқандық? - деді Ерлан Сайыров.

Осыған байланысты депутат Үкімет пен Бас прокуратурадан «Самрұқ-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына тексеру жүргізуді сұрады:

  • «Самрұқ-Қазынаның» өз менеджментіне «асыра сілтеп» сыйақы жазу саясатының заңға сәйкестігін анықтап, бұл ашкөздікті тоқтату;
  • «Самрұқ-Қазынада» құжынаған еншілес кәсіпорындардың қажетін анықтау;
  • «Самрұқ-Қазынаның» қаржы саясатының ашықтығын қамтамасыз ететін тетіктер жасау қажет.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама