×

Теледидар, шаңсорғыш: Қарағанды облысында тұрмыстық техника шығарылмақ

Былтыр өңдеу өнеркәсібінен 2,7 трлн теңге салық түскен

 Дәурен Ерболат 03.10.2023 | 10:31
Қанат Шарлапаев, фото: Halyq Uni

Қарағанды облысында тұрмыстық техника шығаратын өндірісті іске қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы Қанат Шарлапаев Өнеркәсіп және құрылыс министрі айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Министр өңдеу өнеркәсібін дамыту туралы премьер-министрге есеп берді.

«2022 жылдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібі Қазақстанның жалпы ішкі өнімінде 13,4% болып, сауда мен тау-кен өнеркәсібінен кейінгі үшінші көрсеткішке қол жеткізді. Сала өндірісінде оң динамика байқалады. Былтыр өндірілген өнімнің көлемі – 21,1 трлн теңге. Бұл бес жыл бұрынғы көрсеткіштен 2,2 есе артық. Салада 613 мыңнна аса тұрақты жұмыс орнын қамтамасыз ететін 20 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істейді», - деді министр.

Өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары бюджетке 2,7 трлн теңге салық төлеген.

Министрдің айтуынша, биыл 12,3 мыңнан аса тұрақты жұмыс орнын ашып, 1 трлн теңгеге 170 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

«Қарағанды облысында өнімділігі жылына 1,1 млн-нан аса тұрмыстық техника шығаратын өндірісті («Silk Road Electronics» ЖШС) іске қосу жоспарда бар. Зауытта ARTEL брендімен теледидарлар, су жылытқыштары, шаңсорғыштар, шағын пештер, кір жуғыш машиналар жасалады, 530 жаңа жұмыс орны құрылады.

Сондай-ақ 261 жаңа жұмыс орнын құрып, арнайы кокс шығаратын заманауи зауыт іске қосылады. Қуаттылығы жылына 400 мың тонна. Өнім кейіннен экспортқа шығарылып, ERG кәсіпорындарының ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз етеді», - деді Қанат Шарлапаев.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қостанай облысында «СарыарқаАвтоПром» компаниясы Chevrolet Оnix автомобильдерін шағын тораптық әдіспен (CKD) өндіруді жоспарлап отырғанын жеткізді.

Жылына 30 мың бірлік шығару жоспарланып отыр. бұл ішкі сұранысты қамтамасыз етуге және 400 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді, - деді ведомство басшысы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама