×

Еліміздегі ауыл шаруашылығы техникасының 76%-ы тозған – вице-министр

Шаруаларға жеңілдетілген лизинг беруге 20 миллиард теңге де аздық етеді

 Еркеғали Болатұлы 29.09.2023 | 12:25
фото: qazweek.kz

Қазақстанда барлығы 149,8 мың трактор, 38 мың комбайн, 4,9 мың тұқым себу кешені, 76,3 мың сепкіш техника, сондай-ақ 219 мың данаға жуық әртүрлі топырақ өңдейтін құрал-сайман бар. Бірақ бүкіл парктің орташа тозуы 76%-ға жетті, деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілқайыр Тамабек Мәжілісте өткен жиында. Бұл туралы Парламенттің баспасөз қызметі хабарлады.

Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев осыған қатысты мәлімдеме жасап, ескірген құрал-жабдықтарды пайдалану жанар-жағармай құнына жұмсалатын шығынның 20% өсіп, өндіріс көлемінің 14% төмендеуіне әкеліп соғатынын айтты. Бұл ретте Қазақстандағы ауыл шаруашылығы техникасының жай-күйі өзекті тақырып болғандықтан, оған Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі Жолдауында ерекше мән беріп, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту көрсеткішін жылына 8-10 пайызға жеткізуді тапсырған еді.

Үкімет басшылығы технопаркті жаңартпай, еңбек өнімділігі мен фермерлердің кірісін арттыру мүмкін емес екенін жақсы түсінеді. Алайда қазіргі жеңілдетілген лизинг құралдарын қаржыландыру көлемін айтарлықтай арттыру үшін мемлекеттің қандай кедергілерге тап болып отырғаны белгісіз, - деді Дайрабаев.

Сондай-ақ ол 19 қыркүйекте премьер-министр шаруаларға жеңілдетілген лизинг беруге 20 миллиард теңге бөлу туралы шешім қабылдағанын, бірақ бұл қаржы әлі де жеткіліксіз екенін еске салды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама