×

«АИ-95 тапшылығы болмайды». Министрлік жұртты сабырлы болуға шақырды

Елімізде бензиннің шамамен бір айға жететін қоры бар

 Дәурен Ерболат 25.09.2023 | 17:11
Фото: Halyq Uni

Энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов Қазақстанда АИ-95 бензиннің тапшылығы туындамас үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын түсіндірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, бүгінде Ресейден 40 мың тонна АИ-95 маркалы бензинін жеткізу бойынша келісім бар.

«Біз РФ Энергетика министрлігіне осы индикативті балансты 70 мың тоннаға ұлғайту туралы хат жолдадық, яғни бұл – шамамен 110 мың тонна болады деген сөз. PETROSUN компаниясының қажет бензинді жеткізбеуіне тоқталайын. Келісімшарт Ресейдің Энергетика министрлігінің өтініші бойынша 1 айға шегерілді. РФ-да АИ-95 бензині мен дизель бойынша жағдай оңай емес. Ресейдің оңтүстік өңірлерінде бензин мен дизель жоқ. Тіпті, ол өңірлерде егін жинау науқаны тоқтап қалуы мүмкін. Біз (ресейлік) әріптестерімізді түсінеміз», - деді Ерлан Ақкенженов Энергетика министрлігінде өткен брифингте.

Вице-министр Ресейден алынатын бензин сақтық үшін жасалып отырғанын атап өтті.

Биыл қазанда еліміздегі АИ-95 бензинінің өндірісі 65 мың тонна болуға тиіс. Жоспар бойынша біз 80 мың тонна (АИ-95 бензинін) тұтынуымыз керек. Бірақ  қыркүйектегі (бензин) қалдығын қосып есептесек, болжам бойынша қазанды тапшылықсыз өткізе аламыз. Энергетика министрлігінің болжамынша, АИ-95 маркалы бензинінің тапшылығы болмауы керек, - деді ол.

Сондай-ақ Ерлан Ақкенженов елімізде қанша бензин қоры барына тоқталды.

Бізде бензиннің жеткілікті қоры бар. Авиациялық бензин шамамен 2 айға, АИ-92 бензині 2 айдан аса уақытқа, дизел отынының қоры нақты 36 күнге, АИ-95 бензині шамамен 24 күнге жетеді. Сондай мұнай өңдеу зауыттары да өнімді өндіреді, - деп түйіндеді сөзін министрдің орынбасары.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама