×

Тоқаев: Республикалық бюджет Ұлттық қор қаржысын пайдалануға сүйенбеуі керек

Трансферттерді біртіндеп азайту қажет, деді президент

 Қымбат Елтайқызы 13.05.2022 | 16:40
коллаж: Halyq Uni

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қор жұмысына арнайы тоқталып, пандемия жағдайында және экономикалық ахуал нашарлаған кезде Қор өз міндетін толық орындағанын атап өтті. Мемлекет басшысы Ұлттық қор қаржысын тиімді пайдалану қажеттігіне мән берді.

«Ұлттық қордан жасалған трансферттер 2020 жылы 4,8 триллион теңгені, ал 2021 жылы 4,5 триллион теңгені құрады. Биыл үкімет тағы да 4,6 триллион теңге сұратып отыр. Бұлөте қомақты қаржы. Республикалық бюджет Ұлттық қор қаражатын пайдалануға сүйенбеуі керек. Трансферттерді біртіндеп азайту қажет», – деді Тоқаев.

Сонымен қатар президент инфляция өсімі бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілгеніне назар аударып, биылғы төрт ай қорытындысы бойынша, 2016 жылғы қыркүйектен бері ең шарықтау шегіне, яғни 13,2 пайызға жеткенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев аталған мәселелерді шешу үшін үкімет, Ұлттық банк әрі басқа да мемлекеттік органдардың жұмысын күшейту маңызды екеніне тоқталды.

Осы ретте мемлекет басшысы инфляцияны белгіленген шекті межеге қайтарудың маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ үкіметке Ұлттық банкпен бірлесіп, инфляция деңгейін бақылау мен төмендету жөніндегі 2022-2024 жылдарға арналған кешенді шаралардың толыққанды жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды, – дейді Ақорда.

Атап өтсек, бүгін Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық банктің 2021 жылғы жұмысы туралы есебін тыңдауға арналған кеңес өтті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама