×

«Жасыл Даму» АҚ қаражатынан ауыл шаруашылығы техникасының лизингіне 20 млрд теңге бөлінеді

Бір лизинг алушыны қаржыландыру сомасы 205 млн теңгеден аспайды

 Динара Амантай 19.09.2023 | 11:07
Фото: Halyq Uni

Қазақстанда отандық өздігінен жүретін ауыл шаруашылығы техникасының лизингіне «Жасыл Даму» АҚ қаражатынан 20 млрд теңге бөлінетін болады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкіметтің тиісті қаулысына қол қойды.

Бөлінген қаражатқа фермерлер лизингке 500-ден астам техника (шамамен 80 комбайн және 450 трактор) сатып ала алады.

Еске сала кетсек, 2022 жылғы тамызда еліміздің машина-трактор паркін жаңарту мақсатында ауыл шаруашылығы техникасы жеңілдетілген лизингінің жаңа бағдарламасы іске қосылды. Мәселен, өткен жылы 900-ге жуық шаруа қысқа мерзімде бастапқы жарнасыз жылдық 6% мөлшерлемемен лизингке 1 053 техника (176 комбайн мен 877 трактор) сатып алды. Бұл ретте жаңа техника 2022 жылғы егін жинау науқанына уақтылы қатысты.

Айта кету керек, лизингке техникалық регламенттерде белгіленген экологиялық талаптарға сай келетін және барлық қажетті сәйкестік сертификаты бар техника беріледі.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, жалпы ауыл шаруашылығы техникасы жеңілдетілген лизингінің жыл сайынғы көлемі 170 млрд теңгеден асады.

Анықтама үшін: жаңа бағдарлама аясында техника лизингке 6% мөлшерлемемен және 10 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Бір лизинг алушыны қаржыландыру сомасы 205 млн теңгеден аспайды. Бір фермер жеңілдікпен өздігінен жүретін 3 ауыл шаруашылығы техникасын сатып ала алады. Қаржыландыруды 2 жыл ішінде бір рет қана алуға болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама