×

Қазақстандық өндірушілердің дайын тауар айналымы 22% өсті

Экспорттық жеткізілімдердің ең көп көлемі Ресей мен Қытайға жөнелтіледі

 Динара Амантай 19.09.2023 | 09:25
Фото: Halyq Uni

2023 жылдың бірінші жартыжылдығында қазақстандық өндірушілердің дайын тауар айналымы 39,4 млрд АҚШ доллары болды. Бұл – былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22% көп. Оның үштен бірі – жалпы құны 12,1 млрд доллар болатын отандық шикізаттық емес тауарлардың экспорты.

Негізінен экспортталатын өнімдер – металлургия және химия өнеркәсібі. Атап айтқанда, олар: мыс және мыс катодтары, ферроқорытпа, уран, мұнай өнімдері, өңделмеген мырыш пен алюминий, ыстықтай прокатталған жалпақ бұйымдар, табиғи газ. Сонымен қатар шетелдік тұтынушылар да Қазақстанда өндірілген бидай ұнын, күнбағыс майын, минералды тыңайтқыштарды белсенді түрде сатып алып жатыр. Оның ішінде 155,9 мың тонна күнбағыс майы экспортталды. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 33,4% артық. Жалпы былтырдан бері күнбағыс майын сыртқы нарыққа жеткізуді арттыру үрдісі байқалып отыр. 2021 жылмен салыстырғанда, 2022 жылдың қорытындысы бойынша күнбағыс майының экспорты 3 есе өсіп, 346,4 млн доллар болды. Сонымен бірге  өткен жылы отандық өндірушілер маргарин жеткізу көлемін 2,7 есе арттырып, 88,8 млн долларға жеткізді.

Экспорттық жеткізілімдердің ең көп көлемі Ресейге, Қытайға, Өзбекстанға, Түркияға, алыс шет елдерден – Нидерланды, Ұлыбритания, Жапонияға жөнелтіледі. Биылғы жылдың 6 айында қазақстандық дайын өнімді импорттаушы елдердің географиясы 114-тен 125-ке дейін кеңейді.

Сауда және интеграция министрлігі отандық тауар өндірушілердің сыртқы нарықтарға шығуын қамтамасыз ету үшін экспорттаушыларға мемлекеттік қолдау шараларын көрсетіп жатыр. Бұл – сауда миссияларын ұйымдастыру, халықаралық көрмелер мен бизнес-форумдарға, оқыту жобалары мен бағдарламаларына қатысу.

Осылайша, акселерация бағдарламасы қазақстандық компанияларға жаңа нарықтарды тиімді игеруге көмектеседі. Биыл бағдарламаға қатысу үшін тамақ, химия, тоқыма және қызмет көрсету салаларын экспорттайтын 111 кәсіпорын таңдалды. Сонымен қатар 2023 жылы IT-қызметтерді шетелге экспорттауға дайын қазақстандық компаниялардың саны едәуір өсті.

Тауарларды ілгерілетудің тағы бір өзекті құралы – халықаралық Alibaba.com электрондық сауда платформасы. Мемлекет отандық тауар өндірушілер мен сауда компанияларына өз өнімдерін осы алаңда сатуға мүмкіндік береді. 2023 жылы Қытайдың ең ірі В2В маркетплейсіне «Алтын жеткізуші» премиум мәртебесі бар 70 жеткізуші қол жеткізді. Alibaba платформасы арқылы сату көлемі бүгінде 300 млн доллардан асады.

Электрондық коммерцияның қарқынды дамуын ескере отырып, экспортқа бағытталған компанияларға арнайы мамыр айында В2С алаңы – JD.com ашылды. Оның негізінде қазақстандық тауарлардың Ұлттық павильоны құрылды. Отандық азық-түліктің бірінші партиясының бір апта ішінде сатылып кеткендігі сапалы азық-түлік тауарларына деген жоғары сұранысты және қазақстандық тамақ өнімдерінің жоғары бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді. Қазір жаңа жеткізушілерді іздеу және таңдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл шаралар кешені шикізаттық емес тауарлардың экспортын ұлғайтуға бағытталған.

Қолдау құралы ретінде экспорттаушы компанияларға сауда-экономикалық миссияларға қатысу мүмкіндіктері ұйымдастырылады. Мамырда Сауда және интеграция министрлігі Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен қазақстандық бизнесмендердің сауда миссиясы аясында Қазақстанның Сианьдағы Бас консулдығында отандық өнімдердің пилоттық шоурумын іске қосты.

17-21 тамыз аралығында ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының Үрімші қаласында өткен «Қытай–Еуразия»: тауарлар және сауда» халықаралық көрмесіне 40-тан астам қазақстандық тауар өндіруші қатысты. Олар EXPO келушілеріне кондитерлік өнімдер мен макарон өнімдерін, джемдер мен мармеладтар, бал, балмұздақ, сусындар, тоқыма бұйымдарын, зергерлік бұйымдарды және басқа да өнімдерді ұсынды. Бұл ретте Қазақстанның ұлттық стенді өз тауарларын ұсынған 40 ел мен өңірдің арасында көрмедегі үздіктердің бірі атанды.

Қазақстандық делегация құрамындағы кәсіпкерлер шет елдердің мемлекеттік мекемелерін, сауда желілерін, қоймаларын, ұлттық компанияларын аралап, сатып алу қабілетін зерттеу үшін әлеуетті серіктестермен кездесті. 2023 жылдың 6 айында Вьетнам (Ханой қ.), Әзербайжан (Баку қ.), Иран (Тегеран қ.), Қытай (Сиань қ.), Өзбекстан (Ташкент қ.), Қырғызстан (Бішкек қ.) сияқты елдерге 6 бизнес-сапар ұйымдастырылып, өткізілді. Жыл соңына дейін жаңа өткізу нарықтарын іздеу және іскерлік байланыстар орнату үшін тауар өндірушілердің тағы төрт шетел сапары болады.

10-12 қыркүйекте қазақстандық кәсіпкерлер Душанбедегі әлеуетті серіктестермен кезекті іскерлік келіссөздер жүргізді. Сауда-экономикалық миссияға машина жасау, тамақ, химия, өңдеу өнеркәсібінің 22 қазақстандық кәсіпорны қатысты. Бұл – Қазақстан мен Тәжікстанның іскер топтарының бір алаңдағы екінші кездесуі. Мамыр айында Астанада ірі Қазақстан-Тәжікстан бизнес-форумы өтті, онда жалпы құны 2,6 млрд доллардан астам сомаға ынтымақтастық туралы 40 құжатқа қол қойылды.

Қазақстан мен Тәжікстан арасында экономиканың түрлі секторлары бойынша өзара тиімді ынтымақтастықтың көптеген бағыттары бар. Еліміз Тәжікстанның ең ірі 3 сауда серіктестерінің қатарында. Соңғы уақытта Қазақстан автомобиль өнімдерін Тәжікстан нарығына сәтті экспорттап келеді. Атап айтқанда, Қостанайдағы «СарыарқаАвтоПром» ЖШС зауытында құрастырылатын JAC маркалы автомобильдер Душанбе таксопаркін құрайды. Тәжікстан Қазақстанда құрастырылған жалпы саны 200-ден астам автокөлікті импорттады.

Тамыздың басында Астанада алғаш рет Қазақстан-Ауғанстан бизнес-форумы өтті. Өзара ынтымақтастық орнату мақсатында Ауғанстаннан 200-ге жуық делегат келді. Елдер арасындағы сауда 2023 жылдың бес айында 233,3 млн доллар болды. Оның 225,1 млн доллары қазақстандық экспортқа тиесілі. Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналымы 2022 жылы 1 млрд долларға ($987,9 млн) жетіп, 2021 жылғы көрсеткіштерден екі есеге артты. Тауар айналымының 90%-ы қазақстандық экспортқа, негізінен өңделген өнімге тиесілі.

Қазақстан үшін Ауғанстан ұн өткізудің негізгі нарығы: ұн экспортының жалпы көлемі 70% болды. Еліміздің Ауғанстанға азық-түлік, мұнай-химия, химия, металлургия, көлік жасау, жеңіл өнеркәсіп салалары бойынша 500 млн долларға тауар жеткізуге экспорттық әлеуеті бар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама