Мемлекеттік ішкі аудит мамандары заңды өрескел бұзған
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Ұлан Сарқұловтың айтуынша, мемлекеттік сатып алудың жалпы республика бюджет шығындарындағы үлесі 30%-ға жетеді. Еліміздегі әрбір бесінші жемқорлық қылмысы да осы салада жасалады. 2020 жылдан бері осындай 418 қылмыстық іс аяқталып, 162 тұлға сотталған, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Сарқұловтың сөзінше, осы қылмыстардың шамамен 80%-ы орындалмаған жұмыстың жалған құжатқа қол қою мен сатып алу жеңімпазын анықтаумен байланысты болып отыр. Олар негізінен құрылыс, денсаулық сақтау, білім беру және мәдениет салаларында анықталған.
Бұлардан бөлек, қаржылық бақылау органдарының да жемқорлыққа батқанын айтуға болады. Соңғы екі жыл ішінде агенттік ішкі мемлекеттік аудит қызметінің лауазымды тұлғаларына қатысты 27 іс тіркеген. Олар мемлекеттік сатып алу конкурстарының қорытындыларын қайта қарағаны үшін пара алып отырған, – дейді Ұлан Серікұлы.
Одан бөлек, сол ішкі аудит өкілдерінің жымысқы оймен шағымды өздері ұйымдастырған жайттары да болғанын айтады. Сосын оларды өздері тексерген. Былтыр бір ғана ЖШС-тен сондай 1600 шағым түсіп, оның 900-і қанағаттандырылған. Оның қасында шынайы шағымдар сырт қалған.
Елорда әкімдігіне қарасты мемлекеттік мекеме 130 млн теңгеге рояль сатып алмақ болған. Атырау облысында 1 млрд теңгеге технология кабинетін сатып алмақ болған мектеп анықталды. Шымкентте түн ортасында жарияланған мемлекеттік сатып алудың бәрін бір компания жеңіп келген. Президент архиві директорын тасымалдауға Land Cruiser 200 көлігі «жарамай» отыр.