×

Шымкентте түн ортасында жарияланған мемлекеттік сатып алудың бәрін бір компания жеңіп келген

Түнгі үште жарияланған 15 тапсырыстың 14-ін бір компания жеңіп алған

 Ербол Тұрымбет 29.04.2022 | 12:30
коллаж: Halyq Uni

Шымкентте мемлекеттік сатып алу сайтында түнгі сағат 3-те жарияланған хабарламаға дәл осы түні алғашқы болып тапсырған компания жеңіске жетіп отырған. Бұл туралы «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қаласындағы филиалының басшысы Айжан Кесебаева айтып отыр.

2022 жылы Шымкент қаласында жобалық-сметалық құжаттамаларды дайындау бойынша жарияланған 15 мемлекеттік сатып алудың 14 -ін «ПСИ Каз Нур» ЖШС жеңіп алған. Сәйкестік пе?

Иә, мойындау керек заң нормаларының ешқайсысы бұзылмаған. Себебі жобалық-сметалық құжаттамаларды дайындау конкурстарынан өту үшін үміткерлер бірнеше сатылы іріктеуден өтеді. Әу баста бір конкурсқа 15-20 компания қатысқан болса, арнайы лицензиясының болуы, жұмыс тәжірибесі, салық төлеу тарихы, қаржылық тұрақтылығы бойынша іріктеуден 20 компаниядан шамамен соңғы сатыға 5 компания өтті деп есептейік.

Ал шешуші соңғы сатыда конкурсқа ЕҢ БІРІНШІ ҚҰЖАТ ТАПСЫРҒАН компания жеңімпаз болып шығады.

Түн ортасында жарияланған сатып алудың 14-інде жеңімпаз болып танылған «ПСИ Каз Нур» түнгі 3-те жарияланған конкурстарға дәл сол күні таңғы 5-ке дейін құжат тапсырып үлгерген. 18 қаңтарда «ұйықтамаған» компания бір түнде 181 млн 411 мың теңге пайда әкелген.

Осы ретте «Әділдік жол» қолданыстағы заңнамаға хабарламаны жариялау және құжат қабылдау уақытының арасына минимум 1 күн белгілеу арқылы бәсекелестікке жол ашу бойынша ҚР Қаржы министрлігіне ұсыныс жолданды.

Түнімен ұйықтамай хабарлама жариялаған «аса еңбекқор» мемлекеттік қызметшілердің әрекетіне қатысты арызымыз Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне жолданады, - дейді Айжан Кесебаева.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама