×

Атырау облысында 1 млрд теңгеге технология кабинетін сатып алмақ болған мектеп анықталды

Қыздарға арналған технология кабинетінің құны 3,5 млн теңгеден басталады

 Айнұр Асылбекқызы 27.04.2022 | 18:15
көрнекі фото: uchebnoe-oborudovanie.com

Мақат аудандық білім бөліміне қарасты Б.Қанатбаев атындағы орта мектеп қыздарға арналған технология кабинетін 1 миллиард теңгеге сатып алуды жоспарлаған.

Оқу кабинеттерінің орташа бағасы 3,5 млн мен 7 млн теңге аралығында құрайды.

Департамент аталған фактіні мемлекеттік сатып алу порталының мониторингі барысында анықтап, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушының атына ұсыныс хат жолдады.

Ұсыныс хатты қарау қорытындысы бойынша сома 12 млн теңгеге өзгертілді. Осылайша, бюджет қаражатын үнемдеу 1 059 428 571 теңгені құрады.

Антикор таратқан ақпаратқа қатысты Б.Қанатбаев атындағы орта мектебі әкімшілігі түсініктеме берді.

2021-2022 оқу жылының сәуір айында Мақат ауданы Доссор кентіндегі Б. Қанатбаев атындағы орта мектебінде «Бірыңғай сатып алу терезесі» веб-порталы арқылы материалдық-техникалық тұрғыда жабдықталған қыздарға арналған технология кабинетін сатып алу жоспарланған.

Мақат аудандық білім бөлімінің басшысы Айбол Долдашевтың айтуынша, қайта жаңғырту негізінде технология кабинетіне 12 000 000 теңге қаражат бөлінген. Осы кабинетті сатып алуды жоспарлап, порталға қаржысы жүктелген уақытта маман тарапынан қате кеткен. 

Осы жағдайдан кейін қателік жіберген мектеп экономисті Т.Иманбаеваға ескерту берілген.

Бұған дейін Антикор қызметкерлері Шиелі аудандық білім бөлімінің бағасы 14 миллион теңгеден асатын бір литр табиғи сүт сатып алуды жоспарлағанын анықтады. Қайта тексерілгеннен кейін сүт бағасы 223 теңгеге дейін төмендетілген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама