×

Ауыл шаруашылығы министрі шұғыл кеңес өткізді

Әзірше елімізде 4,8 млн га астық жиналды

 Дастан Жұмабекұлы 09.09.2023 | 12:30
Фото: gov.kz

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Егін жинау науқаны жөнінде жедел штабтың отырысын өткізді, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Егін жинау науқанында фермерлер үшін астықты кептіруге қажетті дизель отынының қолжетімділігі, ауа райының қолайсыздығынан зардап шеккен фермерлердің несиелерін ұзарту, субсидиялар бойынша қарыздарды жабу мәселелері өзекті болып отыр. 

Қазақстанның негізгі астық егетін өңірлері – Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарында соңғы екі аптада жауын-шашын толастамай тұр.

Қазгидрометтің болжамы көңіл көншітпейді: жауын-шашын 17 қыркүйекке дейін жалғасып, аяз түседі, соның салдарынан солтүстік өңірлерде жаңа дәннің өніп кетуі және ылғалдың жоғарылығынан сапасының төмен болу қаупі бар. 

Қазір біздің басты міндетіміз – ауа райы қолайсыздығының салдарын азайтып, фермерлерге барлық қажетті қолдауды көрсету және келесі жылға сапалы тұқым қорын қамтамасыз ету, – деді Айдарбек Сапаров. 

Жедел деректер бойынша 8 қыркүйекке дейін Қазақстанда 4,8 млн га астық жиналды. Бұл жалпы егіс алқабының 28 пайызы. Орташа өнімділігі 10 ц/га болған кезде, 4,8 млн тонна астық жиналды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама