×

Әлихан Смайылов Астанада Башқұртстан үкіметі делегациясымен кездесті

Құны $716 млн болатын екі ірі жоба бойынша ынтымақтастық орнатылып жатыр.

 Динара Амантай 16.08.2023 | 10:08
Фото: t.me/KZgovernment

Премьер-министр Әлихан Смайылов Астанада Башқұртстан Республикасының премьер-министрі Андрей Назаров бастаған үкіметтік делегациямен кездесу өткізді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Кездесу барысында сауда, өнеркәсіптік кооперация, ауыл шаруашылығы, логистика, туризм және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.

Әлихан Смайылов 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Башқұртстан арасындағы өңіраралық тауар айналымы белгілі бір өсім көрсете отырып, шамамен $382 млн болғанын атап өтті. Бұл ретте тауар айналымын одан әрі арттыруға және жеткізілетін тауарлар түрлерін кеңейтуге әлеует бар.

Сондай-ақ Үкімет басшысы өнеркәсіптік кооперация саласындағы бірлескен жобалардың саны артып келе жатқанын жеткізді. Атап айтқанда, бүгінде Қостанай облысында «Уральский пружинный завод» ЖШҚ-ның өндірісін локализациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Башкирская содовая компания» АҚ-мен жалпы сомасы шамамен $716 млн болатын екі ірі жоба бойынша ынтымақтастық орнатылып жатыр.

Қазақстан Үкіметі башқұрттық кәсіпкерлерге инвестициялық жобаларды іске асыруда қажетті қолдау көрсетуге дайын, — деді Әлихан Смайылов.

Бұдан бөлек, премьер-министр Қостанайда Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумын және биыл күзде Астанада «ИННОПРОМ Қазақстан» көрмесін өткізудің маңыздылығын айтып, Башқұртстан кәсіпкерлерін аталған шараларға белсенді қатысуға шақырды.

Өз тарапынан Андрей Назаров Қазақстан мен Башқұртстанның аймақтарын түрлі салалардағы көп жылдық тығыз ынтымақтастық байланыстыратынын атап өтті. Сонымен бірге оны одан әрі кеңейтуге жеткілікті әлеует бар.

Біз қазақстандық бағытта Башқұртстан үшін және жалпы еліміз үшін, Қазақстан үшін де үлкен мүмкіндіктер көріп отырмыз. Сондықтан біз қарым-қатынасымызды әрі қарай нығайтып, жаңа бағыттар мен даму нүктелерін қосқымыз келеді, — деді Андрей Назаров.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама