×

Фармацевтер отандық өнім тұрғанда, шетелдік дәрілерді алуға кеңес береді – куәгер

Үкімет отандық өндірушілерді қорғай алмай отыр

 Дәурен Ерболат 07.08.2023 | 10:00
Фото: pkzsk.info

Қазақстанда фармацевтер отандық өнім тұрғанда, шетелдік дәрілерді алуға кеңес береді. Бұл туралы Гүлжан Накипова атты желі қолданушысы айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Күйеуімнің отбасы 26 жылдан аса уақыт «Тагансорбент» дәрісін шығарады. Бұл сорбент уланғанда, қыжыл, аллергия болғанда көмектеседі. (Қазақстандағы, – автор) дәріханаларға кіргенде «Тагансорбент» бар ма деп сұраймын. Сонда фармацевт мамандар әрдайым шетелдік сорбенттердің атын атап: «Иә, бірақ сіз осыларды пайдаланып көріңіз дейді», - деп жазды ол Facebook-тегі парақшасында.

Гүлжан Накипова фармацевтикалық бизнесте маркетинг маңызды екенін түсінетінін атап өтті.

«Бұл жағдайда көптеген компания өз өнімдерін сату үшін дәріханаларға пара береді. Оларға ешқандай шағым жоқ, бұл – бизнес», - деді желі қолданушысы.

Сондай-ақ ол Испания өзінің кәсіпкерлеріне жұмыс істеуге жағдай жасап, өз нарығын шетелдік өндірушілерден қорғайтынынан мысал келтірді.

«Мен екі елде тұрамын. Тіпті, Испанияда сіз кез келген дүкен мен дәріхана сөрелерінде әлемге әйгілі Pampers-ті таба алмайсыз. Себебі олар шағын жөргек өндірушілерді де шетелдік алыптардан қорғайды және жергілікті өндірушілерді барлық жағынан ынталандырады. Тіпті, испандық достарымыз мінетін электронды скутерлер де Испанияда жасалған», - деп түйіндеді сөзін Гүлжан Накипова.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама