×

Маңғыстау облысында 170-тен аса жұмысшысы бар құс фабрикасы жабылғалы тұр

Қазір олар 1 мың тонна құс етін қайда тапсырарын білмей дал

 Еркеғали Болатұлы 26.07.2023 | 12:35
фото: дереккөз

Маңғыстау облысында жылына 5 мың тонна құс етін өндіретін кәсіпорын өнімін өткізе алмай отыр, деп хабарлады Tengrinews.kz.

Түпқараған ауданындағы заманауи фабрика 2 жыл бұрын іске қосылған болатын. Құсты бағып, сойып, оның жемін өзі дайындайтын ірі кәсіпорында 170-тен аса жұмысшы еңбек етеді. Фабрикада айына 400-450 тонна құс еті өндіріледі. Соның шамамен 300 тоннасы облыс аумағындағы дүкендерге жеткізіліп жатыр. Ал қалғаны мұздатқышта сақтаулы.

Қазір барлығы 1 мың тонна құс еті жиналған. Кәсіпорын басшылығының айтуынша, олар өнімді қайда тапсырарын білмей дал. Мұнай компанияларына асхана қызметін көрсететін мекемелер болса, сапалы жергілікті өнімге қарағанда, шетелдің арзан тауық еттерін тұтынады. Тығырыққа тірелген кәсіпорынның аграрлық несие корпорациясынан алған қыруар қарызы тағы бар.

Біз 22 пайызбен аграрлық несие корпорациясынан несие алып отырмыз. 22 пайыз деген – өте үлкен ауыл шаруашылығына. Оның 12 пайызы субсидияланады дейді, бірақ 12 пайыз алып жатқан жоқпыз. Кішкентай ғана бөлігін алдық, бүкіл сомадан 5-10 пайыз ғана. Енді 22 пайыз несиені қазір төлеуіміз керек. Субсидия түспей жатыр деп ешкім қарап жатқан жоқ. Жалпы, 10 пайыз болса да жоғары деп есептеймін, ең болмаса 1-2 пайызбен көмектесу керек, - дейді фабрика директоры Данияр Тұрғынов.

Құс фабрикасының өнімдері тұрғындар арасында сұранысқа ие. Жұрт тауық етін іздеп жүріп алатындарын айтады.

Қазір төрт түліктің еті қымбат қой. Соған қосымша болсын деп тауық етін аламыз. Өте дәмді. Басқа жақтан әкелінгендерге қарағанда өзіміздің өнім таза болады, - дейді Ақтау қаласының тұрғыны Баян Тілепова.

Кәсіпорын тұрақты жұмыс істеу үшін жергілікті әкімдік тарапынан қолдау қажет. Әйтпесе бірнеше айда фабрика жабылып, 170-тен аса жұмысшы табыссыз қалуы мүмкін.

Ал ауылшаруашылығы басқармасының басшысы аталған фабрикаға қолдау көрсетілгенін жеткізді.

Үкімет тарапынан осы инвестициялық жобаны іске асыру барысында 1 млрд теңгеге инфраструктура жеткізілген болатын. Сонымен қатар, инвестициялық салымдардың бір бөлігін өтеу мақсатында кәсіпорынға 600 млн теңгеден астам инвестициялық субсидия төленді, Үкімет тарапынан. Сонымен бірге жыл сайын өндірілген өнімнің көлеміне байланысты 3 жылда 100 миллион теңгеден аса қаражат төленіп отыр, - деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қазбек Тәшімов.

Фабрика басшылығы электр энергиясын мұнай компаниясымен бірдей тарифпен төлеуге мәжбүр. Оның үстіне, жарықты жеткізуші делдал мекеме көп. Олар да үлестерін қосып, бағаның өсуіне ықпал етіп отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама