×

Ресейден Қазақстанға ақша аударымдары 24 пайыз азайған

Биыл мамырда ол жақтан 10,6 млрд теңге аударылды

 Еркеғали Болатұлы 21.07.2023 | 11:47
фото: Halyq Uni

Ресейден Қазақстанға ақша аударымдары 24 пайыз азайды. Мұндай деректі ranking.kz порталы келтіріп отыр.

Портал мәліметінше, биыл қаңтар-мамыр аралығында қазақстандықтар мен ел қонақтары халықаралық ақша аудару жүйелері арқылы шетелге 349,2 млрд теңге жіберген. Бұл – 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 10,8 пайыз кем.

Шетелден түскен ақша аударымдарының көлемі 137,6 млрд теңге болды. Бұл – 2022 жылғы қаңтар-мамырмен салыстырғанда, 23 пайыз аз.

2023 жылдың мамыр айында шетелге 90 млрд теңге жөнелтілді. Көрсеткіш осы жылдың сәуірімен салыстырғанда, 17,7 пайызға көп болғанымен, 2022 жылдың мамырымен салыстырғанда, 8,5 пайыз төмен.

2023 жылдың мамыр айында ақша аудару жүйелері арқылы шетелден 28 млрд теңге түсті. Сома биылғы сәуірмен салыстырғанда, 6,5 пайыз көп. Бірақ 2022 жылдың мамырымен салыстырғанда, 2,5 есе төмен.

Қазақстаннан ақша аудару жүйелері арқылы ақша жіберілген елдердің ішінде 2023 жылдың қаңтар-мамырында Түркия 89,5 млрд теңгемен көш бастады. Бұл – былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда, 8,4 пайыз аз. Екінші орында Ресей (89 млрд теңге) тұр, 2022 жылдың қаңтар-мамырымен салыстырғанда бірден 39,8 пайыз көп.

Үздік үштікті Өзбекстан түйіндейді: 81,5 млрд теңге, бір жыл бұрынғыдан 13 пайыз аз.

Сондай-ақ айтарлықтай көлем Грузияға (36,7 млрд теңге), Қытайға (11,3 млрд теңге) және Қырғызстанға (10,8 млрд теңге) тиесілі.

Ақша аудару жүйелері арқылы Қазақстанға қаражат аударған елдер ішінде Ресей бірінші орында: 54,9 млрд теңге, алайда бұл 2022 жылдың қаңтар-мамырымен салыстырғанда, 24,1 пайыз төмен.

Сондай-ақ айтарлықтай көлем Өзбекстан (14,7 млрд теңге), Оңтүстік Корея (13,9 млрд теңге) және АҚШ-тан (13,9 млрд теңге) келді.

Айта кетейік, биыл мамырда Ресейден 10,6 млрд теңге аударылды, бұл – елімізге аударылған барлық ақшаның 37,8 пайызы. Бір жыл бұрын Ресейдің үлесі барлық аударымның 65,9 пайызына тең болып, 45,6 млрд теңгеге жеткен.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама