×

Қытайға экспортталатын бидайдың көлемі 1 млн тоннаға дейін ұлғайтылмақ

Елімізге қытайлық COFCO компаниясының басшылығы келді

 Динара Амантай 13.07.2023 | 17:53
Фото: inbusiness.kz

Қазақстандық бидайды ҚХР-ға экспорттау әлеуетін, сондай-ақ қолданыстағы келісімдерді ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев пен COFCO компаниясының вице-президенті Чжу Цзэ талқылады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

АШМ басшысы Қазақстанның жоғары сапалы және органикалық ауыл шаруашылығы өнімдерін, сондай-ақ азық-түлік өндірудегі үлкен мүмкіндіктерін атап өтті. Сонымен қатар, министр егіннің былтырғы рекордтық көрсеткіштерін еске салды. Сонда 22 млн тонна дәнді және бұршақты дақылдар, оның ішінде 16,4 млн тонна бидай жиналған еді.

Қытайға жыл сайынғы жеткізу көлемін астық тасығыштармен және жабық вагондармен 1 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарланған.

Жақында ҚХР-ға жасаған сапарының қорытындысы бойынша, COFCO компаниясы мен Азық-түлік корпорациясы арасында 75 мың тонна бидай жеткізу мақсатында экспорттық келісімшарттарға қол қойылды.

Ербол Қарашөкеев Қазақстан тарапынан барлық міндеттемелер мерзімінде орындалатынын атап өтті. Келіссөздер барысында Азық-түлік корпорациясынан басқа да дақылдарды, яғни зығыр, арпа, күнбағыс және рапсты сатып алу мүмкіндігі қарастырылды.

Бүгінде COFCO корпорациясы қазақстандық бидайдың ҚХР-ға ірі импорттаушысы саналады.

Сапар аясында қытай делегациясы Ақмола облысындағы азық-түлік корпорациясының астық қабылдау кәсіпорындарына барып, ауыл шаруашылығы өнімдерін тиеу процесімен танысты. Сондай-ақ А.И. Бараев атындағы астық шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталығында болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама