×

Жаңа үйлер 5%-ға қымбаттады

Павлодар, Ақтау, Семейде жаңа салынған үйлердің бағасы едәуір өскен

 Дәурен Ерболат 11.07.2023 | 13:30
Фото: Halyq Uni

Қазақстанда бір жылда (2023 жылғы маусым мен 2022 жылғы маусым аралығы) пәтерлерді қайта сату бағасы – 1,9%, жаңа тұрғын үйлерді сату 5% өсті, деп хабарлады Ұлттық статистика бюросы.

Биыл маусымда абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 26,8% артты.

Жаңа тұрғын үй нарығында жылдық мәнде баға Павлодар (18,1%), Ақтау (18%), Семей (16%) қалаларында едәуір қымбаттады. Қолданыстағы пәтерлер нарығында баға өсімі бойынша Семей (29,9%), Ақтөбе (22,4%), Қызылорда (19%) және Қостанай (18,8%) қалалары көш бастап тұр.

Тұрғын үйді жалға беру нарығында баға Көкшетау (45,5%), Петропавл (41,5%), Ақтау (41,1%) және Алматы (38,8%) қалаларында айтарлықтай өскен.

Бір айда (2023 жылғы маусым мен мамыр аралығы) жаңа тұрғын үйді сату бағасы 0,2% жоғарылады. Пәтерлерді қайта сату және абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі алдыңғы аймен салыстырғанда маусымда әрқайсысы 0,5%-дан арзандады.

Биыл маусымда тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 29 880 мәміле тіркелді. Оның ішінде жеке үйлер бойынша 7 887 және көппәтерлі үйлердегі пәтерлер бойынша 21 993 мәміле жасалды.

2023 жылғы мамырмен салыстырғанда (25 588) тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 16,8% өсті.

Мәмілелер саны бойынша Алматы (4 793 – 16%), Астана (4 522 – 15,1%) қалалары, Қарағанды облысы (2 841 – 9,5%) көш басында. Мәмілелер саны Ұлытау облысында ең аз – 343 (1,1%).

Биыл мамырмен салыстырғанда маусымда еліміздің барлық өңірінде оң динамика байқалды. Осылайша, мәмілелер санының ең көп өсімі Солтүстік Қазақстан (34,4%), Атырау (30,1%) және Жетісу (29,3%) облыстарында тіркелді.

2023 жылғы мамырмен салыстырғанда, көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй мәмілелерінің саны 16,2% (3 071 мәмілеге) өсті. Маусымда пәтерлер бойынша барлығы 21 993 мәміле жасалды, бұл – мәмілелердің жалпы санының 73,6%-ы.

Бөлмелер саны бойынша 2 бөлмелі пәтерлер сатылымы басым болды, маусымда олардың 8 525-сі рәсімделді. Сауданың негізгі үлесі Астана (20,1%), Алматы (19,2%) қалаларына және Қарағанды облысына (10,7%) тиесілі.

Биыл мамырмен салыстырғанда, жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер саны да 18,8% ұлғайып (1 221 мәмілеге), 7 887 болды. Оң көрсеткіш Шымкентті қоспағанда (3,6% азайған), барлық өңірде байқалды.

2023 жылғы маусымда тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелері 2022 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 3,7% азайған: былтыр 31 019 мәміле рәсімделген еді.

Төмендеудің ең үлкен көрсеткіші Шығыс Қазақстан облысында (40,3%). Осылайша теріс көрсеткіш барлық аймақта тіркелді, оң динамика Қостанай облысында (18,3%) және республикалық маңызы бар қалаларда (Астанада – 17,5%, Алматыда – 8,7%, Шымкентте – +2,1%) байқалды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама