×

Банк қожайындарын неге жемқорлық бойынша жауапқа тартуға болмайды?

Сарапшы банк басшысына қойылатын талаптарды «формалды» деп есептейді

 Бауыржан Мұқанов 10.07.2023 | 14:21
Коллаж: Halyq Uni

Екінші деңгейлі банктердің банкрот болуына қазір ешқандай алғышарт жоқ, дейді қаржыгер Андрей Чеботарев Halyq Uni басылымына берген сұхбатында. 

Естеріңізге сала кетейік, елімізде 9 банктің таратылып жатқаны жарияланған еді.

Андрей Чеботаревтың айтуынша, аталған банктерді банкрот қылған ортақ фактор – қамтамасыз етілмеген, яғни кепілзат қойылмаған немесе арзан кепілзат қойылған несиелердің берілуі. Банк акционерлері белгілі бір тұлғаларға осындай несие беріп, ақыры банктің қаржылық көрсеткіші төмендеп, банкрот болып тынды.

Халық арасында «Астана банкі» өте жақсы банк болған. Президенттің сынынан кейін құлады деген пікір айтылады. Рас, президенттің сөзі банктің құлауына түрткі болды, бірақ банктің өзі де осыған келе жатқан. Онда да қайтарылмайтын қарыз өте көп еді. Өйткені, банк акционерлері өздерінің таныстарына «жеңілдетілген» несие беріп, ақыры ол қарыздар қайтпай қалды, – дейді қаржыгер.

Оның айтуынша, ҚР заңнамасында жемқорлық тек мемлекеттік қызметке ғана қатысты қолданылады. Ал жеке секторда мүдделер қайшылығы болса, ол жемқорлық емес, алаяқтық ретінде қарастырылады.

Жеке сектордағы жемқаорлық мәселесіне келер болсақ, қаржыгердің айтуынша, мемлекет аталған банктердің банкроттығынан сабақ алып, банк секторының актив сапасын тексеретін AQR дұрыс жүргізілді. Онда қаржы реттеушісі аудит саласындағы ірі төрттікті жалдап елдің банктеріндегі кепілзаттардың сапасын тексерді. Әрине, нәтижесінде кей банктердің кепілзатында мәселе бар екені байқалды, бірақ соншалықты үлкен емес. Бұдан былай реттеуші AQR-ды тұрақты өткізіп, банк секторының актив сапасын тексеріп отыратын болады.

Алдағы уақытта елдегі 21 банктің бірі жоғарыда аталған банктердің істегеніндей, қамтамасыз етілмеген немесе аз қамтамасыз етілген несие беретін болса, оған алаяқтық немесе банкроттыққа қасақана бастау секілді қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Қаржыгердің айтуынша, банкті тарату процесі өте ұзақ жүреді. Наурыз банкі 14 жыл бойы тарату процесін өтіп, 2019 жылы ғана таратылып бітті. Бұл таратылған әзірге алғашқы банк. Ал осыдан он шақты жыл бұрын жұмысын тоқтатқан Валют-Транзит банкі әлі таратылып жатыр.

Tengri Bank-тің де қайтарылмай қалған қарызы, яғни NPL 90+, 90 күннен артық кешіктірілген қарызы тым көп еді. Үндістандық инвесторлар банкті сатып алып, оған қаржы салып көтеретін болған кейін, ол ойларынан бас тартты. Одан кейін оны AsiaCredit Bank және CapitalBank Kazakhstan-мен қоспақшы болды, алайда үш банктің акционерлері өзара келісе алмай, ақыры үш банк те таратылып жатыр. KazKom банкте де қайтарылмай қалған несие көлемі жалпы несиенің 80 пайызына дейін барған, алайда, Halyq Bank өзіне қосып алды, сол себепті KazKom тізімде жоқ, – дейді Андрей Чеботарев.

Сол секілді Jusan Bank қосып алған АТФ банкі де, Jusan Bank-ке айналған Цесна банкі де банкрот болғандар арасында жоқ.

Өйткені, олар таратылмай, сатылды. Банктің қандай да бір құндылығы болса, оны сатуға немесе сонымен қарызды жабуға болады, егер банк ешкімге қызық болмаса, онда банкрот етуге тура келеді. Мысалы, Jusan Bank-ке тікелей ақша салып құтқарды, ал KazKom банкті сатуға тура келді. Ал бір кездері БТА банкті KazKom сатып алған. Бұл банктердің қарызы жаңа иелеріне өтіп, олар банктерді сақтап қалды, – дейді қаржыгер.

Қаржыгердің айтуынша, қазіргі таңда банк секторында жоғарыдағы аталған банктерде болғандай қауіп жоқ, банктердегі қазір қайтарылмай жатқан қарыз көлемі 10 пайыздан аз.

Сонымен қатар, Ашық НҚА порталында жарияланған құжатқа сүйенсек, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бүдан былай банк басшылығына баратын тұлғалардың кәсіби біліктілігіне де тексеру жүргізбек. Алайда, Чеботаревтың айтуынша, бұл формалды талап қана.

Кез келген адамның банк басшылығана бармауы үшін қойылған талап негізінен формалды. Төраға орынбасарына дейінгі лауазымды агенттік мақұлдауы тиіс. Банк акционері агенттік рұқсатынсыз ешкімді басшылыққа қоя алмайды, – дейді Андрей Чеботарев.

Алайда, банк басшылығана баратын азаматтың банктен несие алған компания басшылығы немесе иесімен арадағы байланыстың бар-жоғы немесе мүдделер қайшылығы тексерілмейді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама